бейсенбі, 12 ақпан, 2026 15:32

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Әлі күнге дейін шетелдік инвесторларға тәуелдіміз – Мәмбет Қойгелді

Әлі күнге дейін шетелдік инвесторларға тәуелдіміз – Мәмбет Қойгелді
"Қазақстан тек өзге елдердің техникасын «құрастырушы цехқа» айналмауға тиіс".

Белгілі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдіден экономикалық дербестік туралы бір сауал қойған едік. Ғалым "экономика – тәуелсіздіктің басты өлшемдерінің бірі" дейді. 

– Қазір өзімізді барлық қырымыздан «тәуелсіз елміз» деп атай аламыз ба? Сіздіңше, әзірге қағаз жүзінде көрініс табатын «тәуелсіздік» ұғымы нақты қай салаларда байқалады?

– Бұл мәселенің барлығы тікелей экономикалық жағдаймен байланысты. Экономика – тәуелсіздіктің басты өлшемдерінің бірі. Осы орайда мен марқұм Хасен Оралтайды жиі еске аламын. Ол кісі Азаттық радиосын шамамен жиырма бес жылға жуық басқарды. Біз Берлинде болған бір кездесуде көп әңгімелестік. Бір жолы Хасен Оралтай маған өзінің ең үлкен арманын айтқан еді. Ол кезде өзі Мюнхенде тұратын. «Орманға жиі шығамын, қолыма транзистор радиомды алып, жалғыз серуендеймін. Сол сәттерде бір ғана нәрсе ойымнан кетпейді. Ол – қазақ халқы және оның болашағы», – деді. Сонда Хасен Оралтай: «Шетелдің дүкендерінде витриналарында тауарлардың үстінен «Made in Kazakhstan» деген жазуды көрсем, өзімді бақытты сезінер едім», –  деп еді. Бұл шынайы отаншыл, ұлтжанды адамның жан айқайы еді. Біз өзімізді бай халықпыз деп жиі айтамыз. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындамыз, жер астында Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік бар деп мақтанамыз. Бірақ мұның бәрі құр сөз күйінде ғана көрініс табады. Негізгі мәселе сол асып-тасқан байлықты өзіміз игере алдық па деген сұрақта жатыр. Бүгінгі әлем елдеріне мән беріп қарасақ, сирек кездесетін металдар үшін аңға түскен аңшыдай талас жүріп жатыр. Мұндай ресурстар Қазақстанда да аз емес, сондықтан, оған көз тігетіндер жақыннан да, алыстан да табылады. Ал біз сол байлықты өзіміз игеріп отырмыз ба? Отыз жыл ішінде осы мәселені шеше алдық па? Меніңше, бұл – экономикалық дамудың басты көрсеткіші. Өкінішке қарай, біз оны толық шеше алған жоқпыз. Өйткені әлі күнге дейін шетелдік инвесторларға тәуелдіміз. Бұл мәселені кезінде Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және олардың серіктері ашық айтқан. Олар: «Біз өз жеріміздің асты мен үстіндегі байлығын игере алатын деңгейге көтерілгенде ғана, шын мәнінде, тәуелсіз мемлекет боламыз» деген еді. Ал егер мұндай деңгейге жете алмасақ, тәуелсіздік туралы айту да қиын. Мысалға, уран қорын алайық. Қазақстан уран қоры бойынша әлемдегі алдыңғы елдердің бірі саналады. Алайда осы байлықты біз өз игілігімізге айналдыра алдық па? Бұл да үлкен мәселе. Сондай-ақ вольфрам секілді стратегиялық металдар да біздің жерімізде кездеседі. Бірақ оны өз қажеттілігімізге жарата алатындай өндірістік деңгейге жете алдық па деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Соңғы өнім шығаратын өндіріс ошақтарын көбейту бүгінде аса маңызды міндет. Қазақстан тек өзге елдердің техникасын «құрастырушы цехқа» айналмауы тиіс. Біз шикізаттан бастап дайын өнімге дейін толық циклмен жұмыс істейтін мемлекетке айналуымыз қажет. Өкінішке қарай, осы тұрғыдан алғанда біз кешеуілдеп қалдық. Тәуелсіздік жылдары өндірісті әртараптандыру, экономиканы диверсификациялау туралы көп айтылды, бірақ нәтиже тұщымды емес. Сондықтан меніңше, толыққанды тәуелсіз ел болу үшін ең алдымен тәуелсіз экономика құруымыз қажет. Өз жеріміздің ресурстарына, мүмкіндіктеріне сүйенген тұрақты экономика қалыптастыра алсақ қана, болашағымыз сенімді болады. Ал оған жетпей тұрып, масаттанып мақтануға әлі ерте.

Алтынай Бауыржанқызы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар