жұма, 19 желтоқсан, 2025 23:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Фильмге айналған тағдыр

Фильмге айналған тағдыр
Фото: Oimaqnews.kz
Жуырда қазақ кинокөрерменіне Халықаралық бәйгелерде топ жарған «Қарлығаш» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Деректі фильм «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен түсірілген.

«Қарлығаш» (Swallow) деректі фильмі – Үндістан, АҚШ, Париж, Лондон, Нью-Йоркте өткен кинофестивалдерде «Үздік деректі фильм», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік режиссура», «Үздік продюсерлік жұмыс», «Үздік музыкалық деректі фильм» санаты бойынша жүлделерге ие болған еді.

Деректі фильмде «Айгүл» ансамблінің әншісі, 40 жылға жуық «Қазақстан» телеарнасында қызмет еткен, қазақ телевизиясының ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Қарлығаш Мұртазинаның өмір жолы арқылы  тұтас бір халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен Семей полигонының зардабы баяндалады.

Туындыда кейіпкердің өмірі арқылы халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен Семей полигонының зардабы сөз болады. Фильмнің дайындалуына 2,5 жыл уақыт кеткен. Туындыны канадалық режиссер Марина Десяткина мен оператор Валерий Дегтярев таспалаған. Шығармашылық топ кейіпкер образын ашу үшін Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын оқып Көкбайды зерттеген, Қазақстан тарихын зерделеген.

– Фильм идеясы шамамен төрт-бес жыл бұрын пайда болды. Сол кезде-ақ бұл оқиға – таза адами, жеке тарих – мені қатты толқытты. Мен оны алғаш естігенде-ақ: «Сен туралы фильм түсіру керек еді», – деп айттым. Кейін бұл ой біртіндеп, баяу пісіп-жетілді. Ақырында мен бұл тек жеке адамның тарихы ғана емес, сонымен қатар оның отбасының тарихы, тұтастай алғанда бұрынғы Кеңес Одағының мәдени өмірі мен тарихында орасан зор маңызы бар әулеттің шежіресі екенін түсіндім. Мұның бәрі өте қызықты, тартымды дүние болды. Қысқасы, идея осылай бірден емес, біртіндеп, қадам-қадамымен кеңейіп, қалыптасты. Ақырында біз бұл фильмді түсіруге шешім қабылдадық. Біз өте ертеден, 1989 жылдан бері доспыз. Бірге оқыдық, әуелде кеңестік теледокументалистиканың атасы саналатын Чапеляевтің шеберханасында білім алдық. Біз сол ұстазға тап болдық, оны өте жақсы көрдік. Ол бізге сол кезеңде көп нәрсе сыйлады, өмірді түсініп, талдауға үйретті. Жалпы, ол біздің өмірімізді саралауға көмектесті деуге болады. Сондықтан ол жылдар біз үшін өте қымбат, естелігі жағымды.

 

Қазақстан – өте қызықты ел, ал қаланың өзі де ерекше тартымды. Біз әр келген сайын қатты қуанатынбыз, өйткені ол соншалық әдемі, әсерлі. Әр жолы келгенде: «Енді біз жұмыс істейміз», – деп өзімізге серт беретінбіз. Менің жасым нешеде екенін түсінесіз ғой? Мұнда қозғалған тақырыптар бар, мысалы, Калифорнияда ондай мәселелер қозғала бермейді. Басқа да сәттер бар, олар да қамтылады, – деді фильмнің режиссері Марина Десяткина.

– Дайындық бірнеше жылдар бойы болды. Себебі біз Валериймен танысқалы 40 жылдай уақыт өтті. Москвада бірге оқыдық. Ол да деректі фильмнің режиссері, мен де режиссермін. Бірақ қазақтың өнері, тарихы, тағдыры Валерийді өте қызықтырды. Мүмкін саха елінің қызы болғаннан кейін мәдениетімізде ортақ ұқсастық бар. Бірақ бұл фильмді сезіну үшін Абайдың кітаптарын қарастырды, оқып шықты. Деректі фильмді түсіру үшін Марина әкеммен де танысты, жанұямызды жақыннан таныды. Отбасымыз арқылы жанұялық құндылықтар көрсетілді. Бүгінгі күн мен үшін мерекеге айналды. Өйткені кезінде қаншама жыл әріптес болған ардагерлер, замандастарым келді. Фильмнің бастан-аяқ басы-қасында жүрген Марина Деяткина мен Валерий Дегтярев болды. Оларға айтар алғысым шексіз, – деді Мәдениет қайраткері Қарлығаш Мұртазина.

Фильмнің таныстырылымына арнайы Астана қаласынан келген Қарлығаш Мұртазинаның замандас-құрбысы, Ақпарат саласының үздігі Ұлмекен Төлеуова

– Қарлығашпен 40 жылдан бері таныспын. Екеуіміз Қазақстан ұлттық арнасында бірге жұмыс істеп, ардагерлікке дейін бірге жеттік. Қарлығаштың жан-дүниесінің бәрі ән ғой, адами қасиетке бай. Фильмді түсірген Марина мен валерийді де жақсы танимын. Осы фильмді түсіретіннің алдында Қарлығаш екеуіміз Италияға да барып қайтқанбыз. Маринаның қазақтар туралы ізденісі, қаншама кітаптарды оқығаны көірніп тұр. Себебі білмейтін адам бұлай түсіре алмайды. Әрбір кадр «сөйлеп» тұр. Бәрі Қарлығаштың жан-дүниесімен астасып жатыр, – деді Ұ. Төлеуова.

«Қарлығаш» деректі фильмі тұтас бір халықтың тағдырын, тарихи жады мен рухани болмысын экран тілімен өрнектеген терең туындыға айналды. Оның дәлелі ретінде фильмнің Халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланғанын айтуымызға болады. Фильмнің көркемдік деңгейі мен мазмұндық салмағы осының айғағы болса керек. Қазақ деректі киносының әлеуетін көрсетіп, ұлттық тарих пен адам тағдырын ұштастыра білген, көрерменнің жүрегіне жол табатын құнды шығарманың ғұмыры ұзақ болғай.

 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар