жексенбі, 8 қараша, 2026 12:02

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Меладзенің концерті: жанжалға себепкер болған үш әйел анықталды

Меладзенің концерті: жанжалға себепкер болған үш әйел анықталды
видео скрин
Олардың біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, екіншісіне айыппұл салынды.

Алматыда әнші Валерий Меладзенің концерті кезінде көрермендер арасында туындаған жанжалға қатысты үш әйел анықталды. Олардың біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, екіншісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

 Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметі бойынша, тағы бір әйелге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар концерттің тоқтатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан Instagram қолданушысы да жазаланды.

Оқиға 4 қарашада Алматыдағы Almaty Arena кешенінде өткен Валерий Меладзенің концерті кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, концерт аяқталуға жақындағанда фан-аймақта тұрған бірнеше әйел сахнаға жақынырақ баруға тырысқан. Олар алдыңғы қатардағы көрермендерді итеріп, соның салдарынан өзара жанжал туындаған.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әншінің көрермендер арасындағы келіспеушілікке назар аударып, өнер көрсетуін уақытша тоқтатқаны байқалады. Валерий Меладзе жанжалға қатысушыларға ескерту жасап, мұндай әрекеттер қайталанса, концертті аяқтайтынын айтқан. Оқиғаға қауіпсіздік қызметінің өкілдері араласып, жанжалға қатысқан көрермендерді концерт алаңынан сыртқа шығарған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концерт толық тоқтатылмаған. Қоғамдық тәртіп қалпына келтірілгеннен кейін әнші өнер көрсетуін жалғастырған. Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу талқыланды.

Алматы қалалық полиция департаменті концерт кезіндегі жанжалға қатысқан үш әйелдің жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары болып шыққан. Бір әйелдің әрекетіне қатысты әкімшілік материал сотта қаралып, ол 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Екінші әйел қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды. Ал жанжалға қатысқан үшінші әйел Тараз қаласының тұрғыны екені анықталған.

Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, тиісті материалдар соттың қарауына жолданды. Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне қолданыстағы заңнама аясында құқықтық баға берілген. Үшінші әйелге қатысты сот шешімі жөнінде әзірге ақпарат жарияланған жоқ.

Полиция қызметкерлері оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде тараған жарияланымдарға да мониторинг жүргізген. Тексеру барысында Instagram желісінде Валерий Меладзенің Алматыдағы концерті толық тоқтатылғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланғаны анықталған. Құқық қорғау органдары аталған аккаунттың иесін анықтап, оған жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салған. Полиция концерт кезінде жанжал туындағанымен, іс-шараның толық тоқтатылмағанын атап өтті.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда әншінің жанжалға байланысты өнер көрсетуін уақытша үзгені көрінеді. Алайда қауіпсіздік қызметкерлері тәртіпті қалпына келтірген соң концерт жалғасқан. Осыған байланысты полиция азаматтарға әлеуметтік желіде ақпарат жарияламас бұрын оның шынайылығын тексеру қажеттігін ескертті. Ведомство қоғамдық орындарда тәртіп бұзғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар