Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті театр және кино актері Бекжан Тұрыстың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бекзат болмыс» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара 11 желтоқсан күні «Alatau Creative Hub» орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жинақ үш бөлімнен тұрады: «Біз білетін Бекжан», «Ой түбінде жатқан сөз» және «Жырға айналған жүрек». Бірінші бөлімде актердің замандастары мен әріптестері – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Зейнеп Ахметова және өзге де мәдениет қайраткерлерінің естеліктері берілсе, екінші бөлімде Бекжан Тұрыстың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары жинақталған. Үшінші бөлімге танымал ақындардың актерге арналған өлеңдері енгізілген.
Кітапта театр сыншылары мен режиссерлер Бекжан Тұрыстың актерлік шеберлігіне кәсіби баға беріп, қазақ театр өнерінің дамуына қосқан үлесін атап өткен.
Жинақтың құрастырушыларының бірі Досым Зікірия:
«Біз көбіне бір адамның көзі кеткесін ғана ол туралы жақсы сөз айтамыз, ондай еренсіздігімізді «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп ақтағансып қоямыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дегенді де айтқан өзіміз. Осы жинақты шығаруға да, жақсы жанның көңілі жарқырап жүрсінші, деген оймен кіріскен едік. Бір-біріміздің қадірімізді жанымызда жүрген кезде білейікші. Одан да маңыздысы мейірімге сусаған осынау шақта бір-бірімізді шын қуантып, жарым лепес болса да жылы сөзімізді арнап жүрейікші. Осы жинақтың жарық көруіне атсалысқан мейірбан жандардың бәріне де шын жүректен шыққан алғысымды білдіремін! Төрт құбылыларыңыз түгел болсын!», – деді.
Ал Ботагөз Жөкенқызы еңбектің ғылыми маңыздылығына тоқталып, бұл жинақ болашақ театртанушыларға дайын бағыт-бағдар болатынын атап өтті.
«Бұл жинақтың тағы да бір ерекшелігі болашақта театртанушылар арасынан Б. Тұрыс шығармашылығын зерттейтін жандар шықса (өз басым оған сенемін) бұл дайын тұрған жолнұсқаулық, дайын бағдар көрсетуші, жөн сілтеуші. Кез келген ғылыми жұмысқа негіз бола алады. Баршаңызды тұлғатану саласына қосылған тағы бір сүбелі еңбекпен құттықтаймын! Тұлғаларымыз аласармасын! Сонда оларды үлгі тұтып өсіп келе жатқан жас өркен де майдаланбайды», – деді журналист.
Алмат Исәділ «Бекзат болмыс» кітабын актердің 60 жылдық мерейтойына арналған «Өмір естелігімен қымбат» кітабының заңды жалғасы деп атады.
«Биыл өздеріңізге белгілі халықтың сүйіктісіне айналған актер Бекжан Тұрыс ағамыздың 60 жылдық мерейтойы туған жері Қарадала аймағында, Шошанай, Шонжы ауылдарынан басталды. Әйгілі Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» шығармасы негізінде Мадина Омарова инсцинировка жасаған, Жұлдызбек Жұманбай режиссерлік еткен моноспектакльде Бекжан ағамыз жалғыз өзі бірнеше адамның образын жасап, Алматыда дүркіреп жалғасты. Сол тұста Айгүл Болатханқызының дайындауымен «Өмір естелігімен қымбат» деп аталатын кітап баспагер Рақымғали Абрарұлының демеушілігімен «Атамұра» баспасынан жарық көрген еді. Бүгінгі «Бекзат болмыс» сол кітаптың заңды жалғасы десе болады. Бірінші кітап Бекжан ағаның өз ойлары болса, бұл Бекжан аға туралы ойлар. Қос кітап та өз оқырманына құнды деректер, актердің өмірі мен шығармашылығы туралы ерекше мәліметтер беретініне сенім мол», – деді ол.
Кітап 1000 данамен жарық көрді. Жобаны кәсіпкер-меценат Айнұр Асанберді демеушілік еткен, ал басылымды ARNA-B баспасы шығарды. Жинақтағы суреттер актер қызмет етіп келе жатқан М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының музей қорынан алынған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





