Димаш Құдайберген БҰҰ агенттігінің жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде тағайындалды
- авторОймақ
- Бүгін, 13:47
- 33
Женевада өткен Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) кеңесінің жыл сайынғы сессиясында қазақстандық әнші әрі гуманитарлық қызмет атқарып жүрген Димаш Құдайберген БҰҰ агенттігінің жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде тағайындалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ulysmedia.kz.сайтына сілтеме жасап.
ХКҰ парақшасында жарияланған мәлімдемеде ұйым Димаш Құдайбергеннің жаңа мәртебесін зор мақтанышпен хабарлайтыны жазылған. Онда өнерпаздың дауысы мен қоғамдағы белсенділігі әлемдегі дағдарыстардан зардап шеккен адамдардың қадір-қасиетін, табандылығын және алуан түрлілігін танытуға ықпал ететіні атап өтілген.
DimashNews порталының мәліметінше, Димаш өткен жылдан бері ХКҰ-ның өңірлік ізгі ниет елшісі болған. Әнші жаһандық ықпалын пайдалана отырып, ұйымның жұмысына қолдау көрсетіп, көші-қон мәселелеріне назар аудартты, мигранттардың интеграциясына атсалысты және қайырымдылық шараларына қатысып келді.
Женевадағы отырыс барысында Димаш мүше мемлекеттердің делегациялары мен ұйым қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі. Ол ХКҰ-мен бірлесе жұмыс істеу өзінің өміріндегі және шығармашылық жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі болғанын атап өтті. Әрбір бастама мен кампания кезінде ұйымның белгісіздік пен қиындыққа тап болған адамдарға қалай көмектесіп жатқанын көргенін жеткізді.
Әнші жаңа атақты зор құрмет әрі үлкен жауапкершілікпен қабылдайтынын айтып, алдағы уақытта мигранттардың құқығын қорғауды, қауіпсіз көші-қон туралы ақпараттық жұмысты күшейтуді, инклюзивтілік пен тұрақтылық қағидаларын насихаттауды жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол ХКҰ-ның қайырымдылық шаралары мен гуманитарлық дағдарыстарға әрекет ету бастамаларын қолдауды жалғастыратынын айтты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






