Гонконгтың Тай По ауданындағы Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде шыққан өрт салдарынан кем дегенде 94 адам көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz Reuters-ке сілтеме жасап. Әлі де ондаған адам жоғалғандар қатарында.
Апат сәрсенбі күні кешке басталып, тек таңғы уақытта толықтай ауыздықталған. Өрт кезінде кешенде 4,6 мыңнан астам тұрғын болған.
Ресми мәлімет бойынша, 279 адам хабар-ошарсыз кеткен, алайда бұл көрсеткіш соңғы тәулікте жаңартылмаған. Бұл қайғылы оқиға Гонконгтағы соңғы 75 жылдағы ең ірі өрт апаты саналып отыр. Бұған дейін 1948 жылы қоймадағы өрттен 176 адам қаза тапқан болатын.
Тергеу барысында полиция Prestige Construction компаниясының үш қызметкерін ұстады. Оларға қауіпті құрылыс материалдарын қолдану және абайсызда адам өліміне себеп болу айыбы тағылды. Алдын ала дерек бойынша, жөндеу кезінде пайдаланылған тез тұтанғыш пенопласт панельдер терезелерді жауып қалып, тұрғындардың эвакуациясына кедергі келтірген.
Қазір қала билігі мен төтенше жағдай қызметтері із-түссіз кеткендерді іздеу және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Гонконг үкіметі бұл апатты қаланың соңғы ондаған жылдағы ең ауыр трагедиясы деп атады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






