Санат ШАПАШОВ, режиссер: Бір түсірілім алаңында 230 актер билеген эпизод болды
- авторОймақ
- Бүгін, 11:29
- 155
– «Бақыт құшағында» мюзиклінің бастауында не тұр? Не үшін дәл осы идеяны алып шыққыңыз келді?
– Бұл кинотуындының идеясы рухани құндылықтар арқылы ұрпақтар бірлігін нығайту. Мен АҚШта Нью Йорк Фильм академиясында білім алып жүрген кезде, елге сағыныш сәттерінде қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов әндерін жиі тыңдайтынмын. Себебі, бұл шығармалар бала кездің естеліктері, ата-анаға құрмет, ел бірлігі, елдің қуанышы, қазақтың мінезімен үйлес. Сондықтан да, кинопродюсер, режиссер ретіндегі алғашқы туындының шабыты композитордың туындыларынан болды десем дұрыс болар. Әрине, киноның негізінде қанша ұрпақ үшін ыстық болған вальс королінің әндері бар. Ол әр отбасы үшін ыстық әндер. Және кинотуындының көрермен көкейіндегі сұрақтарға берер жауабы болуы керек. Сондықтан, фильмдегі драматикалық даму сцеанриде біздің қоғам үшін аса өзекті мәселелер бар. Отбасылық қолдау, анаға құрмет, өзгеге қамқорлық, адалдық пен шынайы достық, арманға адалдық – бұның барлығы әрбір қазақ елі шағырағында маңызды мәселелер. Рухани құндылықтарға бай, отбасын түгел біріктіре алатын кинотуынды ұсынғымыз келді.
– Көп басылымдарда бұл кино жаңа бағытта, яғни тұңғыш jukebox мюзикл екені жазылып жатыр. Бұл қандай бағыт? Бұның алдында «Дос-Мұқасан» фильмі де мюзикл күйінде шыққан еді. «Бақыт құшағында» жанры жағынан, стилі, мазмұны жағынан қандай ерекшелікке, айырмашылыққа ие? Соны айтып беріңізші.
– Тұңғыш jukebox мюзикл расында. Кино тарихында бұрын болмаған. Джукбокс мюзикл дегеніміз – танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм. Бұл мюзиклдерде белгілі орындаушылардың үлкен репертуары бар және сюжеттер көбінесе олардың өмірі мен шығармашылығына негізделген немесе мюзикл үшін арнайы жасалады. Джубокс мюзиклдің мюзиклден айырмашылығы осында. Жалпы, фильм үшін арнайы Ш. Қалдаяқовтың 12 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылды. Бұл ретте, фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсеткенін айта кеткенім жөн.

– Шәмшінің әндеріне негізделген кино тақырыбы – «Бақыт құшағында».Неге дәл осы әннің атымен атадыңыз?
– Себебі, әрбіріміз қалаған бақытқа ұмтыламыз. Отбасымен отырып сүйікті әндерді шырқағанда, сүйіктіңмен армандарың орындалып, жеңіске жеткен сәтте, адал достыққа көз жеткенде, ескі дәстүрлерді қайталап, қуанышты сәттің өңін келтіргенде біз бақыт құшағында боламыз. Композитордың өзі бұл әнді жазған сәтте, ақын Тұманбай Молдағалиев те өлеңін жазған кезде нағыз адал махаббаттың бақытын жырлады емес пе? Ал біз дәл бұл әннің атауын киноға таңдаудағы негізгі мақсат – рухани азық алып, кинодан көңіл тойдырып шыққан көрермен бақыт туралы өз пәлпасапасын түйсе деген ниет, композитордың мұрасын насихаттау.
– Кастинг қалай өтті? Түсірілім барысы қанша уақытта созылды?
– Фильмнің сценариі жазылып болған сәтте мен әлі Нью-Йоркте едім. Сол кезде бірден басты кейіпкер Бақыт рөлін талантты актер, режиссер, драматург Дәурен Серғазинге хабарласып ұсындым. Әнімнің рөлі Әлия Әнуарбекке ұсынылатыны бесенеден белгілі болды. Себебі, досым талантын ерекше құрметтейтін актриса Әлияны кинокөрермен сағынды деп ойлаймын. Шығармашылық топпен ақылдаса, кеңесе отырып кейпікерлерді кеңінен ашатын актерлер дәл табылды деп ойлаймын.
Фильмде ерекше мән беретін тағы бір маңызды фактор – туынды түгелімен Астанамызда түсірілілгені. Көпшілік көріп үйренген ракурстар емес, рухани, өз тарихы бар локациялар көрсетілді.
«Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230 актер билейтін ең үлкен массалық эпизодтар бар. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.
Мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар. Бұл картина еліміздегі креативті индустриясының дамуына дәлел болатын туынды. Фильмде бірнеше жанр мен бірнеше шығармашылық креативке орын бар.
Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды.
– «Бақыт құшағында» сіздің нешінші режиссерлік жұмысыңыз? Бұған дейін қандай туындыны жарыққа шығардыңыз? Өзіңіз туралы, еңбек жолыңыз бен шығармашылығыңыз туралы білгіміз келеді.
– «Болашақ» бағдарламасымен New York Film Academy-дан келген бойда кіріскен алғашқы кинотуынды осы. Жалпы, тұңғыш кинолента қазақ киносы тарихында өз орны бар, көрермен жүрегінде, рухани дамуда үлесі бар болса деген ниетім болған. Кері байланысқа қарасам,көпшілікке бұл туынды ұнаған секілді. Осыған дейін 20 жылдай мәдени әлемде, идеологиялық жобаларда, концерт ұйымдастыру, КВН-де еңбек еткеннің әсері болар, рухани байлықты насихаттаудың жаңа, терең деңгейіне кірісуді қаладым. Сондықтан, қазақ киносындағы көптеген туындыларда креативті индустрияның дамуының жаңа деңгейлерінде көрерменмен талай қауышамыз деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






