
Сол жағалаудағы «Қайсар арена» стадионында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Қала күніне арналған «Мерейлі мерекеңмен,Қызылорда» атты гала-концерт өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.
Мереке бастауындағы астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру және Киргиз АКСР-ның Қазақ АКСР деп өзгертілуі, қалаға Қызылорда атауының берілуі, Ақмешітке қарай бағыт алған «Қызыл паравоз», Алаш арыстарының бейнелері, тарих желісінен сабақталған көріністер сол дәуірді көпшіліктің көз алдына әкелгендей әсер қалдырды.
Одан кейін экрандағы көріністер жаңарған, жаңғырған Қызылорданың бүгінгі жасампаз келбетіне ауысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
«Бір ғасыр бұрын Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болған Қызылордада мемлекеттігіміздің негізі қаланды. Сол кезеңде қаламыз еліміздің саяси, мәдени-рухани орталығына айналды. Ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы осында қағылды. Шежірелі шаһарымыздың елдік асыл мұраты, жасампаз жолы қалыптасты. Ұлтымызға «қазақ» атауын қайтарып, азат ел болуды аңсаған асқақ арман орындалды. Тілегі мен мақсаты ортақ Алаш арыстары ұлт мүддесі үшін тәуелсіз ел болуға бірікті. «Отан – елдің анасы, Ел – ердің анасы! Сыр – Алаштың анасы!». Жүз жылда бірнеше кезеңді басынан өткерген Қызылорда бүгінгі күні Президентіміздің ерекше қолдауымен сәулетті де әсем қалаға айналып келеді. Сыр өңірі жасарып-жаңарып, өсіп-өркендеуде. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталды. Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері. Баршамызды бақыт құшағына алған Қызылорда – біздің мақтанышымыз. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігі тұғырлы болғай! Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Гала концертте эстрада әншілері Ж.Ысқақова, Г.Оразымбетова, М.Сәдуақасова, Ж.Төлебай «Біздің Қызылорда» әнін шырқады. Сондай-ақ, К.Әлімжан, Т.Төрәлі, О.Нұралиев, тағы басқа өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сахна сәні, би қойылымдары мен бейнероликтер, арнайы дайындалған тақырыптық дрон шоу Қала күнінің мазмұнын байыта түсті.
Салтанатты шараның шарықтау шегінде мереке аспанын мың бояулы отшашулар жарқыратты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Сара Назарбаеваның денсаулық жағдайына қатысты жаңа мәлімдеме жасалды
- авторОймақ
- 17 қазан, 2025