
Өмірден Әкім аға өтті...
Қазақтың классик жазушысы Әкім Үртайұлы Тарази бақиға аттанды.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап, алған биігін аласартпай, ұлт руханиятының туын асқақ ұстап, жаңа жиырма бірінші дейтін жұмбағы мен сыры мол, тосын мінез бен беймәлім әрекетінен аяқ алып жүру қиын, күрделі ғасырдың төрінен абыздық орын алған дәуіртекті суреткер, ұлтжанды елағасы, еркін ой мен еркін сөздің иесі, алашбітімді қайталанбас тұлға, ұлы қаламгер өмірден ұзап барады.
Қалам... Қағаз... дейтін киелі де қасиетті қос ұғым алдындағы жауапкершілікке адал болу, уақыт ұсынған қиындықтар мен пенделік арбаулардың жетегіне кетпей, суреткерлік ұстанымға шаң қондырмай өмір сүру – табандылық пен төзімділікті, кеңдік пен парасаттылықты керек етері хақ. Артына мол мұра қалдырып, саналы сәт-сағатының бәрін жазу дейтін жанкешті күреске арнаған Әкім Тарази өмірі – осындай өрісі кең, өркені мол, әдебиетті ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің ғажайып биігіне көтере білген шынайы жазушының, нағыз суреткердің өмірі!
Әкім Тарази есімі тіл ұшына оралған сайын менің жадымның төрінде әркез жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жаңғырады.
Әдебиеттің абыройы мен беделі аспандап тұрған кез. Жазушының қаламынан туған әр сөз, сөйлем, әр кітап алты құрлық назарын өзіне бұрып, озық деген үлгілі көркем дүниелер жұмыр жердің түкпір-түкпірін шарлап кететін... Кітап оқитындардың саны да, сапасы да жоғары осынау тағдыры мен тәлімі айырықша дүбірлі дәуір адамзат ойы мен санасының бағыт-бағдарын анықтап тұрған өрісті кезең қазақ руханиятының көшбастары болған көркем әдебиет те өзінің тарихи міндетін ойдағыдай атқарды... Күні кешегі ұлт ойы мен сапасын отап тастаған отызыншы, қырқыншы жылдардың өртең топырағына жан бітірген «алпысыншы жылғылардың» алғашқы легі сөз өнерінің ғана емес, жалпы ұлт руханиятының дамудың жаңа биігіне көтерілгенін айқын танытты.
Дала мен қаланың арасына өздерінің білік-білімімен, парасатымен, ойлау, сөйлеу, жазу мәдениетінің кеңдігімен, тереңдігімен кең өріс ашып, ұлттың «өлгенін тірілтіп, өшкенін қайта жаққан» Алтай мен Атырау арасында жатқан Ұлы Байтақтың алпыс екі тамырына қазақы қан жүгіртіп, рухани әлемімізге үлкен өзгерістер алып келген, өмір, қоғам, заман, адам танудың ғаламдық сипаттағы үлгілерін қалыптастырған, сол «алпысыншы жылғылардың» бірегей бітімді, аса көрнекті өкілдерінің бірі, өрісімізді кеңейтіп, өркенімізді өсірген екі ғасыр тоғысындағы ұлт әдебиеті ақсақалының жүрек қағысы тоқтады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастап жазушы шығармаларымен сусындап өскен оқырман қауым, суреткердің өмірі мен өнеріне қанық әріптестері аза тұтып, қаламгердің жары Роза Мұқанова мен отбасына, балаларына, ағайын-туыстарына көңіл айтуда. Тірінің қолынан келер ең игілікті іс – осы...
Біз де «ағамыздың иман байлығын берсін, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» деген басу сөзін айтқанша асықтық...
Иә...
Әдебиет босағасын құбылыс болып аттаған, әр жылдарда жазылған «Өрт», «Құйрықты жұлдыз», «Қиян соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Әулет», «Ақбердінің ауласы», «Дүниенің шеті», «Көк», «Жаза», «Тәж» секілді әңгіме, повесть, романдары, «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», «Қыз махаббаты», «Тұлпардың ізі» тәрізді пьесалары әдебиетімізге өлшеусіз олжа салған суреткер ойы мен қиялының кеңдігі, көркемдік бітімі мен өміршеңдік өресінің тереңдігін танытар өлмес дүниелері.
Бұл – тізім ғана емес, төркінінде уақыт мен қоғамның, адам мен заманның, дала мен ғаламның арақатынасын анықтауға ұмтылған, ұлы дүние туралы толғанған, тебіренген жүрек пен сананың ұйқысыз сәт-сағаттары, мазасыз ойлары, тынымсыз жылдары жатқан жазу дейтін ұлы майданның көрінісі. Әкім Тарази есімді қайтпас, қайсар мінезді көркемсөз шеберінің өзі өмір сүріп, ғұмыр кешкен дәуірі жайлы ақ қағаз айдынына салған көркем өмірі! Жазушының жан әлемі! Суреткер қаламынан туған көптомды шығармалар жинағы – жасы тоқсанның екеуіне келгенше ойы мен сөзінен жаңылмаған, ұстанымына деген ұстыны бөлек жауапкершілігіне көлеңке түсірмеген жомарт дарынға сүйсінбей көріңіз.
Әкім Үртайұлы өмірде де, өнерде де сабырын сарқымаған, салауатқа жүгіне білер ғажайып ұстамды кісі еді. Кездесе қалсақ, өзі туралы айтқаннан гөрі, оқығаны мен тоқығанын алдыға көбірек салып отыратын. Тарихи дүниелер мен тарихи тұлғалар туралы. Тіпті, болмаса өзінің жанындай жақсы көретін достары жайлы жанға жағымды әңгіме қозғап, соларға қатысты өтініш айтып жүретін. «Сайынның юбилейі келеді. Өзің білесің. Ағаң өліп кетсе де өзі туралы айтпайды. Мақтануға жоқ. Қазақтың Чеховы ғой. Нағыз классик!» деген майда қоңыр дауысы құлағымнан кетпейді. Сайын ағамызды «Халық жазушысына» ұсынайық дегенде, «Нұрлан, пейілдеріңе рахмет! Жасы да, жолы да, әдебиеттегі, қоғамдағы орны да – Әкім ағаңдікі. Әкім Тарази алып дәуірмен алысқан алыптар қатарынан!» деп еді Сайын Мұратбеков те.
Қайран, асыл ағаларым-ай!
«Қалдым» деп саспайтын, «оздым» деп таспайтын суреткердің тағы бір жолы, сөйлесе, ойланып сөйлейтін, ой толғаса, толғанып айтатын мінезіне салып айтқан сөзі есіме түсіп отыр. «Бәрімізді жаратқан Алла! Оған ешкімнің дауы жоқ. Мені де жаратқан Алла! Менің Қалиханымды да жаратқан Алла! Өмірдің қызығы мен қуанышын сыйлаған Құдайдан кейінгі ата-анамыз. Қалиханды да, мені де жазушы жасаған тағдыр! Орта! Заман! Дәуір! Өз басым жазушылық тағдырымды тәрбиелеген, жетілдірген дос-жарандарыма, замандастарыма, еліме, ортаға ризамын!» деп еді бір жолы. Әкім аға (соңғы жолыққанымда) дауысы дірілдеп көзінде бір мөлдір от жалт еткендей болып еді. Жастық шағын, жалыны мол дәуренін сағынғаны әлде адал достарын аңсап босаған бір сәті ме екен? Кім білсін?! Құлын-тайдай бірге өскен Әкім ағаны қойып, анда-санда достыққа қалай адал болса, әдебиет дейтін киелі әлемнің арына да дақ қондырмай солай аяулы, ардақты ағаларымды мен де сағынамын...
Бүгін де міне...
«Могикандардың ақырындай» болған сол адал дәуірдің, күрескер дәуірдің ақырғы өкілі, абызбітімді асыл ағамызбен қоштасып отырып, менің де ішімде бір дауыс әнтек дірілдеді...
Жақсы жасадыңыз, Аға!
Алаштың ұлы жұрты аузынан тастамай, алдағы уақыттарда да өзімен бірге серік етер сөз өнерінің бай мұрасын қалдырып барасыз. Сіздің екінші өміріңіз – рухыңыздың халқымызбен бірге жасайтын өмірі басталды.
Сол өміріңізге мәңгілік тілеймін!
Бақұл болыңыз! Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтеді
- авторОймақ
- 21 сәуір, 2025