«Таза Қазақстан»: Кеген ауданында 10 мың дана шренк шыршасы отырғызылды
- авторОймақ
- 24 сәуір, 2025
- 58

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Кеген ауданындағы елдімекендерде тазалық, көгалдандыру, ағаш егу шаралары белсенді жүргізілуде.
«Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Жалаңаш орман шаруашылығында Шренк шыршасының 10 мың көшеті, 1000 дана қарағай, 200 дана туя отырғызылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының бір бағыты «Жасыл аймақ» акциясының мақсаты - қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Аталған шараға Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нүсіпбаев Қанат Ақылұлы, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков, «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев, Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова, журналист Ербол Азанбек, аудан жастары қатысты.
Көшет отырғызу барысында Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев және Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев акцияға жиналған көпшілікті табиғатты құрметтеуге шақырып, акцияның маңыздылығына тоқталып өтті.
«Облыс көлемінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өте белсенді жүргізілуде. Бүгін Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің Жалағаш орманшылығында осы өңірге бейімделген орманшылар, мектеп оқушылары, колледж студенттері, ауыл тұрғындарының қатысуымен шренк шыршасы, туя отырғызылды. Тек отырғызып қана қоймай, біз ары қарай да күтіп, баптау жұмыстарын жүргіземіз», дейді Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.
«Таза Қазақстан» акциясы біздің мекеменің жұмыс бағытымен үндес. Сондықтан алғашқы күннен бастап, халық арасындағы экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді тарту бағытындағы жұмыстарға белсене қатысып келеміз.Бұған дейін Жалағаш ауылындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша С.Бейсембетұлы атындағы мектеп оқушыларының қатысуымен тұқымдарды контейнерлерге отырғызу арқылы көшет өсіру шарасы өткізіліп, «Табиғатты аялау - болашаққа жасаған қамқорлық» атты тақырыппен құстар ұясы жасалып ілінді. Көгалдандыру плантациясына 10 000 Шренк шыршасының көшеті , 1000 қарағай, 200 туя отырғызылды. «Бұлақ көрсең көзін аш», «Тұқым жинау», «Тұқымды себу, өсіру» акциялары жобалануда. Сонымен қатар Жалғаш ауылындағы тұқымбақта өсіріліп жатқан екпе көшеттерді күтіп баптау акциялары өткіземіз деген жоспарымыз бар», - дейді «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев.
Мекеме директорныың айтуынша Жалағаш ауылындағы тұқымбақ ағаш тұқымдарын дайындау, өсіру бағытында жұмыс істейтін еліміздегі ең ірі тұқымбақтардың бірі. Мұнда өсірілген ағаш көшеттері бүгінде аудан, облыс көлеміндегі сұранысты орындап отыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, бүкіл Қазақстандық ағаш егу күніне аудан, облыс көлеміне 1000 түп тоң топырағымен әр түрлі топтағы ағашпен қамтамасыз еткен. Бұл ағаштардың басым бөлігі бүгін Кеген ауданында өткен «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» акциясында егілді.
Ал жалпы Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі 2025 жылы орманды молықтыру бойынша таулы аймаққа 20 гектар жерге 80,0 мың дана Шренк шыршасының екпе көшеттері, 22 га жерге толықтыру жұмыстарына 25,0 мың дана Шренк шыршасының көшеті отырғызуды жоспарлауда. Көгалдандыру плантациясына 3,0 га жерге 30,0 мың дана Шренк шыршасының көшеттері отырғызылып, 0,6 га жерге Шренк шыршасының тұқымы себілмекші. Қазіргі кезде 3,0 гектар жерде 2 млн 970 мың 600 екпе көшеттері күтіп бапталуда.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында cөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» акциясы туралы атап өтті.
«Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз. Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл – біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді», – деді Президент.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.