Ғани Бейсембаев: Мемлекет педагог кадрларының сапасын арттыруға ерекше мән беруде
- авторОймақ
- 26 ақпан, 2025
- 172

Жиын барысында педагог кадрларын сапалы даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Министр өз сөзінде педагогикалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттардың жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл 48 мыңға жуық түлек педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын тәмамдаған.
«Мемлекет педагог кадрларының сапасын арттыруға ерекше мән беруде. Соның бір дәлелі – соңғы бір жылда үш ұстазға Қазақстан Республикасының Еңбек Ері атағы берілді. Бұл – мемлекет пен Президенттің ұстаздарға деген жоғары сенімінің көрінісі. Ұстаздың ең басты ұстанымы – шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беру. Студенттерге осы университеттен шыққан Аягүл Миразова мен Гүлжанар Нұрпейісова сияқты педагогикалық қызметтің биік шыңына жетулеріне тілектеспін», – деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары зерттеу жұмыстарымен айналысатын педагогтердің үлесі 1,6 есеге өсіп, магистр дәрежесі бар мұғалімдердің саны рекордтық 27,9 мыңға жеткен.
Студенттер министрмен кездесуде ауылдық жерлердегі педагогтерді қолдау, жұмысқа орналасу, ата-аналар қауымдастығымен өзара әрекеттесу және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы тәрбие жұмыстары жөнінде сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Кездесу аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде еліміздің үздік педагогтерінің құрметіне «Ұлт келбеті – ұстаздар» атты фотогалерея ашылды. Салтанатты рәсімге Ғани Бейсембаев, университет ректоры Гүлмира Қанай және QyzPU түлектері, танымал педагогтер Аягүл Миразова мен Гүлжанар Нұрпейісова қатысты.
Фотогалереяда елдің білім саласына зор үлес қосқан көрнекті ұстаздардың бейнелері ұсынылған. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Тасова, Қазақстанның Еңбек Ері, биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева, сондай-ақ QyzPU түлегі, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразова бар.
«Фотогалерея – барлық ұстазға деген құрметтің белгісі. Біз өткенімізді білмесек, болашағымызды бағдарлай алмаймыз. Ұстаздың жүрегі де, сөзі де жылы болуы керек. Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті абыроймен атқарған жан ғана нағыз ұстаз бола алады. Осындай ардақты ұстаздарымыз көп болсын, фотогалереяның қатары толыға берсін», – деді Аягүл Миразова.
Сонымен қатар кездесу аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірқатар оқытушысына «Еңбек ардагері» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар табысталды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Үш балуан алтын жеңіп алды
Ұқсас жаңалықтар
Таулы аймақта құрылыс жүргізуге рұқсат бермегенім үшін жауым көбейді – Досаев
- авторОймақ
- 13 наурыз, 2025