Әлдекімдер қоқан-лоққы көрсеткен Бишімбаевтың адвокаты ісіне тергеу басталды
- авторОймақ
- 28 мамыр, 2024
- 500
Сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов өзіне көрсетілген қоқан-лоққыларға байланысты полицияға арыз жазды. Тергеу басталды.
Сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция бөлімі жүргізеді.
"Белгісіз тұлғалардың қорқытуы бойынша Қылмыстық кодекстің 409-бабының 2-бөлігі (Сот төрелігін жүзеге асыруға немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруге байланысты қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды",-деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты зерделеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Қылмыстық кодекстің 409-бабының 2-бөлігінде адвокаттарға, прокурорларға, қорғаушыларға, сарапшыларға, сот орындаушыларына немесе олардың жақындарына төнетін қауіптер туралы айтылады. Бұл ретте қатерлер "сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырумен, істі немесе материалдарды сотта қараумен, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындаумен" байланысты болуы тиіс.
Осы қылмыс үшін 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (2024 жылы 11 миллион теңгеден астам) немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру/шектеу түрінде жаза қарастырылған.
Бишімбаев ісі бойынша судья Айжан Құлбаева да осындай жағдайға тап болған. Сәуір айында, экс-министрдің сот процесі кезінде Құлбаева келіп түскен қауіп-қатерлерге байланысты күзетке алынды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.