Пуэрто-Рикода өтіп жатқан «Әлем аруы – 2026» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысқан Алина Ри ерекше ұлттық костюмін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласының тумасы, «Мисс Қазақстан» титулының иегері Алина Ри ұлттық киімдер шеруінде «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» деп аталатын образбен сахнаға шықты.
Қазақстанның мемлекеттік туынан шабыт алып жасалған костюмде көк түс пен алтын түстес элементтер үйлесім тапқан. Дизайнерлер күн сәулесін, дала қыранын және қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін бір образға біріктірген.
Киімнің басты ерекшелігі – арнайы механизмнің көмегімен ашылатын алып алтын қанаттар. Ұзын шлейф пен күн бейнесін еске түсіретін бас киім де сахналық образдың ажарын аша түскен.
Мәліметке сүйенсек, салмағы шамамен 30 келі болатын костюмді дайындауға алты айға жуық уақыт кеткен. Оған 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Ұйымдастырушылар жариялаған ақпаратқа сәйкес, байқаудың финалы 24 қарашаға жоспарланған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





