бейсенбі, 15 қазан, 2026 11:35

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

31 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні бола ма?

31 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні бола ма?
Фото: thewallace.com
Жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсан демалыс күні бола ма, деген сұрақ жиі қойылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл күннің мәртебесіне қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 31 желтоқсан заң бойынша ресми демалыс күні саналмайды. Алайда жұмыс беруші қызметкерлеріне қосымша демалыс бере алады.

Неліктен 31 желтоқсан ресми мереке саналмайды?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңына сәйкес, ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ғана ресми демалыс болып саналады.

Бұл күндер жай ғана қосымша демалыс емес. Олардың әрқайсысы ел тарихындағы, мәдениетіндегі немесе қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаларға орай белгіленген. Мұндай мерекелер ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.

1-2 қаңтар – Жаңа жыл мерекесіне байланысты демалыс күндері. Ал 31 желтоқсан заңда белгіленген ұлттық және мемлекеттік мерекелер қатарына кірмейді. Сондықтан бұл күн демалыс саналмайды.

31 желтоқсанда міндетті түрде жұмыс істеу керек пе?

Қолданыстағы еңбек заңнамасы жұмыс берушілерге қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін заңға өзгеріс енгізуді күтудің қажеті жоқ. Компания басшылығы бұл мәселені өз ішінде шеше алады.

Мәселен, жұмыс беруші 31 желтоқсанда қызметкерлерді жұмыстан босатудың бірнеше жолын қарастыра алады:

Жұмыс күнін қысқарту. Қызметкерлердің жұмыс уақытын бірнеше сағатқа азайтуға болады.

Икемді жұмыс кестесін енгізу. Қызметкерлерге сол күнгі жұмыс сағаттарын ай ішінде алдын ала өтеп қоюға мүмкіндік беруге болады.

Қосымша демалыс беру. 31 желтоқсанды демалыс күні ретінде ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің ішкі актісінде бекітуге болады.

 

2027 жылы демалыс күндері ауыстырыла ма?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазір 2027 жылы демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Әзірге демалыс күндерін ауыстырудың түпкілікті кестесі бекітілмеген. Ол мақұлданған соң келесі жылы демалыс күндері қалай бөлінетіні, соның ішінде желтоқсан айының соңындағы жұмыс кестесі де белгілі болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерді демалыс немесе мереке күндері жұмысқа тек оның жазбаша келісімімен немесе өз өтініші бойынша шақыра алатыны туралы жазған едік. 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар