сәрсенбі, 7 қазан, 2026 11:08

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«7 қарақшы»: Тәуекелге толы экшн және кинокомикс әлемі

«7 қарақшы»: Тәуекелге толы экшн және кинокомикс әлемі
Фото: ortalyq.kz
Режиссер Қуаныш Бейсектің жаңа туындысы – «7 қарақшы» көрсетіліп жатқанына екі аптаға жуық уақыт болды. «Дәстүр» хоррорымен миллиард теңгелік касса жинап, отандық кино нарығында айтарлықтай құбылыс жасаған режиссер бұл жолы мүлде басқа жанрға бет бұрған. «7 қарақшы» – тарихи кезеңді арқау еткен шытырман оқиғалы экшн.

Мемлекеттік қаржысыз түсірілген фильмнің бюджеті 720 миллион теңгеге жеткен. Мұның өзі жоба ауқымының қандай екенін аңғартады. Үлкен декорация, пойыз, ат үстіндегі қуғын, төбелес, жарылыс, танымал актерлер мен музыканттар – авторлар көрерменге барынша әсерлі дүние ұсынуға тырысқан.

Қиялдан туған көркем әлем

Оқиға 1978 жылы өрбиді. Қырғи-қабақ соғыс кезеңі, әлемде қарулану бәсекесі қайта күшейген уақыт. Фильмдегі оқиға желісі бойынша Леонид Брежнев Семей ядролық полигонында бұрын-соңды болмаған қуатты бомбаны сынауды жоспарлайды. Оны жүзеге асыру неміс ғалымы Ганс фон Шнайдерге тапсырылады.

Ал Дінмұхамед Қонаев бұл жоспардан хабардар болып, апаттың алдын алуға әрекет етеді. Ол республикалық КГБ полковнигінің басшылығымен ерекше құпия топ жасақтайды. Бір қызығы, оған мінсіз әскери мамандар емес, қылмыс әлемінде ысылған, тәуекелге бас тігуден қорықпайтын жеті адам тартылады. Олардың міндеті – Семей полигонына бет алған пойыздағы ядролық бомбаны қолға түсіру. Бірақ қауіпті жүк қатаң күзетте. Осы тұстан бастап картина кәдімгі тарихи фильм шеңберінен шығып, тонау туралы кино, шпиондық триллер және комикстік экшн элементтері араласқан шытырман оқиғаға айналады.

Әу бастан-ақ авторлар фильмдегі кейіпкерлер мен оқиғалардың ойдан шығарылғанын ескертеді. Сондықтан «7 қарақшыдан» тарихи дәлдік іздеудің өзі артық. Мұндағы 1970-жылдардағы Қазақстан – деректі реконструкция емес, режиссердің сол дәуір туралы қиялынан туған көркем әлем.

Тарихтың жаңа экрандық бейнесі

Қуаныш Бейсек шығармашылығында ұлттық тарих пен ұлттық образдарға жүгіну бұрыннан байқалады. Оның клиптерінен де, «Отыздан асып барамын» картинасынан да мұндай ізденістерді көруге болатын. Ал «7 қарақшыда» бұл тәсіл негізгі көркемдік құралдардың біріне айналған.

Қонаев, Олжас Сүлейменов, Шәкен Айманов, «Дос-Мұқасан» ансамблі секілді қазақ қоғамына жақсы таныс есімдер мен бейнелер фильм әлеміне емін-еркін енеді. Бір жағынан, мұның тартымды тұсы бар. Жас көрермен тарихтағы тұлғаларды экраннан көріп, сол кезеңге қызығушылық танытуы мүмкін. Ұлттық тарихты қазіргі поп-мәдениеттің тілімен сөйлету – батыл қадам.

Екінші жағынан, осы әдіс фильмнің даулы тұсына да айналады. Өйткені тарихи тұлғалар мен оқиғалар кейде терең мазмұннан гөрі көрермен бірден танып қоятын белгі ретінде пайдаланылғандай әсер қалдырады. Нәтижесінде өткен кезеңді пайымдау екінші қатарға ығысып, алдыңғы орынға «мына адамды таныдың ба?» деген ойын шығады. Сөйтіп, Қазақстанның ХХ ғасырдағы күрделі тарихы бір сәтте кинокомикстің әлеміне көшеді.

Жұлдызы көп сахна

Фильмнің актерлік құрамы да ауқымды. Басты рөлдерде Азат Жұмаділ, Шұғыла Ешен, Еркебұлан Дайыров, Индира Сабирова, Ерболат Әлқожа, Әшім Ахметов ойнайды. Жобаға шетелдік актер Винценц Кифер де тартылған. Бұлардан бөлек, экраннан Молданазар, Аяу, Орынхан, ARO, dudeontheguitar, De Lacure секілді музыка әлеміндегі танымал есімдерді кездестіруге болады. Алайда фильмнің ең үлкен мәселелерінің бірі де осы молшылықтан туындайды. Кейіпкер тым көп. Әрқайсысына жеке мінез, өткен өмір, мақсат-мүдде беруге экран уақыты жетпейді. Бір кейіпкерді танып үлгергенше, екіншісі пайда болады. Соның салдарынан көрермен олардың тағдырына эмоционалды тұрғыдан толықтай жақындай алмайды.

Экшн фильм үшін кейіпкердің өмірбаянын ұзақ баяндау міндетті емес. Бірақ оның не үшін күресіп жүргенін, неден қорқатынын немесе нені жоғалтқысы келмейтінін сезіну қажет. «7 қарақшыда» дәл осы эмоционалдық байланыс кей тұста әлсіреп қалады.

Көз тартатын дүние, бірақ...

Фильмнің монтажы өте жылдам. Бір уақыт желісінен екіншісіне, шындықтан қиялға, бір кейіпкерден келесісіне жиі ауысып отырады. Бұл бастапқыда динамика бергенімен, уақыт өте оқиғаны қабылдауды қиындата түседі. Кейде көрермен сюжетті бақылаудан гөрі экрандағы қозғалысты тамашалаушыға айналады. Әдемі киінген кейіпкерлер жүгіреді, атысады, төбелеседі, пойызға мінеді, атпен шабады. Мұның бәрін қуатты саундтрек сүйемелдейді.

Фильмнің визуалдық әлеміне мін тағу қиын. Авторлар үлкен кино түсіргісі келгені әр кадрдан байқалады. Нағыз пойыздар, ауқымды декорациялар, жарылыстар, қуғын-сүргін, банк тонау, анимациялық элементтер, аниме стиліндегі кіріспе, титрден кейінгі көрініс – бір фильмге сыйғызуға болатын дүниенің көбі осында бар.

«7 қарақшы» нені көрсетті?

Қуаныш Бейсектің жаңа картинасын толық сәтсіздік деу әділетсіз болар еді. Керісінше, фильм қазақстандық кинематографтың жанрлық мүмкіндігін кеңейтуге жасалған батыл тәжірибе ретінде қызық. Фильмде стиль бар, энергия бар, батылдық бар. Көрерменді таңғалдыруға деген құлшыныс та жеткілікті. Сондықтан «7 қарақшының» пайда болуының өзі отандық кино үшін қызық құбылыс. Өйткені үлкен жанрлық кино жасау үшін алдымен үлкен кино жасауға тәуекел ету керек.

                                                                                                                              Сымбат Бегімбай

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар