Ерлан Қарин Джеки Чан бастаған халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті
- авторОймақ
- Бүгін, 08:01
- 29
Оған әлемге әйгілі режиссер әрі киноактер Джеки Чан, шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты.
Кездесуде кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға, азаматтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Вице-Президенттің айтуынша, Қазақстанда ірі халықаралық киножобалардың түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына және жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ еліміздің халықаралық киноөндіріс алаңы ретіндегі мүмкіндіктерін танытуға жол ашады.
Кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту мәселесіне де назар аударылды. Ерлан Қарин биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада Astana AI Film Festival өткенін атап өтті. Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім түскен. Қатысушылар саны мен географиялық қамтуы бойынша ол жасанды интеллект көмегімен жасалған киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылды.
Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, түсірілім тобының алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






