Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаза тапқан студент Нұрай Серікбайдың отбасы айыпталушыдан 10 миллиард теңге моральдық зиян және 14,7 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндіруді талап етті. Бұл туралы кезекті сот отырысы барысында жабірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қорғаушының айтуынша, жәбірленуші тарап жерлеу рәсімін, діни жораларды, ас беру шараларын ұйымдастыруға, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот отырыстарына қатысуға байланысты қомақты қаражат жұмсаған. Жалпы сомасы 14 миллион 739 мың теңгені құрайтын материалдық шығынға жерлеу, кырқын беру, ескерткіш орнату, сонымен қатар туыстарының тергеушіге және сотқа қатынайтын жол шығындары енгізілген.
Бұдан бөлек, Нұрай Серікбайдың қазасы оның ата-анасы мен жақын туыстарына орны толмас моральдық зардап келтіргені атап өтілді.
«Ата-анасы мәпелеп өсірген жалғыз қызынан айырылды. Бауырлары сүйікті қарындасын жоғалтты. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысы мен қасіреті олардың бүкіл өміріне созылады және оны ешқандай материалдық байлықпен өтей алмайсың. Сотталушы Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды некеге тұруға мәжбүрлеген. Бұл қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу және сот талқылауы кезінде жәбірленушілер кайғылы оқиғаларды қайтадан бастан кешіруге мәжбүр болды, бұл олардың психологиялық азабын одан әрі арттырды. Дегенмен ешқандай ақшалай өтемақы Нұрайды қайтара алмайды», – деді Аянхан Омаров.
Еске салсақ, 21 жастағы студент Нұрай Серікбай осы жылдың 11 қаңтарында Шымкентте қаза тапқан болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, оның танысы Шерхан Аймахан қызды дүкен жанында аңдып тұрып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта айыпталушыға аса қатігездікпен адам өлімін ұйымдастыру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





