Олар егінді бүлдірсе, адамға шабуыл жасаса немесе қандай да бір шығын келтірсе, арнайы сот отырысы өткізіліп, үкім шығарылған. Кейбір жануарларға қорғаушы да тағайындалған.
Тарихи жазбаларда XIV ғасырда Швейцарияның Кура қаласында ақ құрттарға қатысты сот өткені айтылады. Құрттар сот отырысына келмегендіктен, іс сырттай қаралған. Сот оларды тірі жәндік деп танып, тіршілік етуге құқығы бар деген шешімге келген. Сондықтан құрттарды түгел жойып жіберудің орнына, адамдардың егістігінен бөлек аумақ бөліп беру ұсынылған. Яғни жәндіктер сол жерде өмір сүріп, көбейе алады деп есептелген. Осыған ұқсас оқиға 1545 жылы Швейцарияда да болған. Жергілікті тұрғындардың егініне зиян келтірген қоңыздарға арнайы жер телімі бөлініпті. Сот шешімі бойынша адамдарға қоңыздардың аумағына кіруге, ол жерде жүруге немесе жақындауға тыйым салынған. Орта ғасыр адамдары осылайша табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің өз орны бар деп санағанға ұқсайды. Ал жәндіктер мен кеміргіштерге қатысты сот процестері кейде нағыз құқықтық тартысқа айналған. Францияда кеміргіштерді қорғаумен аты шыққан Бартоломе Шассане есімді заңгер болғаны жөнінде деректер кездеседі. Ол астықты бүлдірді деп айыпталған егеуқұйрықтар мен тышқандардың құқығын қорғаған.
Адвокат кеміргіштердің шалғай жерде тіршілік ететінін, сотқа шақырылғанынан хабарсыз болуы мүмкін екенін және жол бойында мысықтардан қауіп төнетінін алға тартқан. Сондай-ақ барлық тышқан мен егеуқұйрықты бірдей кінәлауға болмайтынын, әрқайсысының қылмысы жеке дәлелденуі керектігін айтқан. Осындай уәждерден кейін сот ісі тоқтатылған деген әңгіме бар.
1545 жылы Францияның Сан-Жан-де-Морьен қаласында жүзімдіктерді жайратқан жәндіктерге қарсы сот отырысы өткен. Процеске екі қорғаушы қатысқан. Оның бірі тұрғындардың мүддесін қорғаса, екіншісі егінге зиян келтірген жәндіктердің атынан сөйлеген. Алайда айыпталушылардың «сотқа келмеуіне» байланысты отырыс кейінге шегерілген. Испанияда да жәндікке үкім шығарылғаны жөнінде дерек кездеседі. 1540 жылы қымбат кілемді бүлдірді деп күйе көбелек айыпталған. Сот оны кінәлі деп танып, қатаң жаза белгілеген деседі. Әрине, мұндай үкімнің іс жүзінде қалай орындалғанын елестетудің өзі қиын. Орта ғасырларда ең жиі сотталған жануарлардың бірі – шошқа. Өйткені сол кезеңдегі Еуропа қалалары мен ауылдарында шошқалар көшеде еркін жүрген. Кейде олар адамдарға, әсіресе қараусыз қалған балаларға шабуыл жасаған.
1494 жылы бір сәбидің өліміне себеп болды деп айыпталған шошқа сотталып, өлім жазасына кесілген. 1864 жылы Словенияда кішкентай қыздың құлағын жаралаған шошқа да жазаланған деген дерек бар. Ал жануардың иесі зардап шеккен қызға өтемақы төлеуге міндеттелген. Бұл қаражат оның болашақ өміріне қолдау көрсету үшін берілген. Ірі қара мал да соттан тыс қалмаған. 1313 жылы Францияда бір өгіз адамды сүзіп өлтіргені үшін ауыр қылмыс жасады деп танылған. Сот жануарды өлім жазасына кесіп, үкім орындалған. 1314 жылы Францияның Муаз ауылында адамды мүйізімен жаралаған бұқа да осындай жазаға тартылған. Кейбір жағдайларда жануарлар иесімен бірге сотталған. Швейцарияда екі қарақшының иті адамдарға шабуыл жасап, бір адамның өліміне себеп болғаны айтылады. Қарақшылар өмір бойына бас бостандығынан айырылып, ал итке өлім жазасы шығарылған.
Иттерге қатысты бұдан да тосын үкімдер болған. Тарихи әңгімелердің бірінде адамды тістеп алған ит арнайы азаптау құралына қамалып, ұзақ мерзімге жазаланғаны баяндалады. Мұндай жағдайлар сол кезеңдегі сот жүйесінің жануардың әрекетін де саналы қылмыс ретінде бағалағанын көрсетеді. Жәндіктерге қарсы шығарылған үкімдер де ерекше қатал болған. 1864 жылы Германияда бір адамды шағып өлтірген аралар тобына қатысты сот өтіп, оларды түтінмен жою туралы шешім қабылданған деген мәлімет бар. Жануарларды соттау дәстүрі тек орта ғасырлармен шектелмеген. ХХ ғасырда да осыған ұқсас жағдайлар кездескен. 1963 жылы Триполиде контрабандашылар пайдаланған 75 пошташы көгершін жойылған. Қылмыскерлер құстардың көмегімен шетелге ақша тасымалдаған. Билік өкілдері көгершіндер осындай іске арнайы үйретілген және кейін қайта пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенген.
Тарихта жануарлар ғана емес, өсімдіктер мен жемістер де «айыпталған» деген қызық әңгімелер бар. Француз корольдерінің бірі ішін ауыртқаны үшін қауынды сотқа берген деген аңыз тараған. Бұл оқиғаның қаншалықты шындыққа жанасатынын айту қиын болғанымен, ол бұрынғы адамдардың табиғат құбылыстарына өзгеше көзқараспен қарағанын аңғартады. Жануарлар тек жазаланып қана қоймай, кейде жасаған «ерлігі» үшін марапатталған. Ежелгі Рим туралы аңызда жаудың жақындағанын қатты қаңқылдап хабарлаған қаздар қаланы құтқарып қалғаны айтылады. Кейін сол қаздардың ұрпақтарына жыл сайын құрмет көрсетіліп отырған. Бүгінгі заң бойынша жануар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Оның әрекеті үшін көбіне иесі немесе жануарды бақылауға міндетті адам жауап береді. Ал орта ғасырларда жануарға адам секілді айып тағылып, қорғаушы тағайындалып, сот үкімі шығарылған.
Мұндай оқиғалар қазіргі адамға күлкілі немесе түсініксіз көрінуі мүмкін. Дегенмен олар сол дәуірдегі қоғамның дүниетанымын, діннің ықпалын және құқық жүйесінің даму деңгейін көрсетеді. Жануарларды соттау тарихы – адамзаттың әділдік туралы түсінігі уақыт өте қалай өзгергенін аңғартатын қызықты әрі таңғаларлық құбылыс.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





