Фильмнің алғашқы демалыс күндеріндегі түсімі 123,5 млн долларды құрады. Бұл – 2026 жылғы ең жоғары үшінші нәтиже және биылғы ойын фильмдері арасындағы ең үздік ашылу көрсеткіші.
Әлемдік прокатта да картина рекорд жаңартты. Алғашқы уикенд қорытындысы бойынша «Одиссеяның» жаһандық кассалық түсімі 263,7 млн долларға жетті. Осылайша, бұл Кристофер Ноланның режиссер ретіндегі ең табысты әлемдік дебюті болды. Бұған дейінгі рекорд «The Dark Knight Rises» фильміне тиесілі еді – 249 млн доллар.
Фильмді түсіруге шамамен 250 млн доллар жұмсалған. Алайда сарапшылар алғашқы күндердегі кассалық табысты бірден таза пайдамен салыстыруға болмайтынын айтады. Себебі кинотеатрлардан түскен қаржының тек бір бөлігі ғана студияға тиеді, ал маркетинг шығындары өндіріс бюджетіне кірмейді. Киноиндустриядағы қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, мұндай ауқымды жобалар толық ақталуы үшін әлемдік кассалық түсім өндіріс бюджетінен екі-екі жарым есе жоғары болуы керек. Демек, «Одиссеяның» өзін-өзі ақтауы үшін шамамен 500–625 млн доллар жинауы қажет.
Фильмнің табысынан ең көп пайда көргендердің бірі – IMAX форматындағы кинотеатрлар. Картина IMAX залдарында алғашқы демалыс күндері 52 млн доллар жинап, компания тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Бұл фильмнің әлемдік кассасының шамамен 20 пайызына тең.
Мамандардың айтуынша, мұндай жоғары қызығушылықтың басты себептерінің бірі – «Одиссеяның» толықтай IMAX камераларымен түсірілген алғашқы ойын фильмі болуы. Сонымен қатар әлемде 70 миллиметрлік пленка форматында көрсететін небәрі 40-қа жуық кинотеатр бар. Кейбір сеанстардың билеттері премьерадан бір жыл бұрын сатылымға шығарылып, түгел өтіп кеткен.
Жалпы кинонарық та оң динамика көрсетіп отыр. Солтүстік Америкадағы кинотеатрлардың жыл басынан бергі жиынтық кассалық түсімі 5,4 млрд доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға өскен. Биыл киноиндустрия 5 млрд долларлық межеден 2025 жылға қарағанда 15 күн бұрын өтті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






