сәрсенбі, 8 шілде, 2026 12:09

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ғалымдар алғаш рет «Алтын адамның» ДНҚ-сының құпиясын ашты

Ғалымдар алғаш рет «Алтын адамның» ДНҚ-сының құпиясын ашты
Коллаж ЖИ арқылы жасалды
Оның жынысын анықталып, сақ элитасының генетикалық жұмбағы шешілді.

Қазақстанның ең әйгілі археологиялық жәдігерлерінің бірі – «Алтын адамның» ДНҚ-сы алғаш рет толық зерттелді. деп хабарлады Kazinform. Халықаралық ғалымдар тобы оның ер адам болғанын дәлелдеп, сақ дәуіріндегі билік әулеттік жолмен берілген деген ғылыми болжамды жаңа генетикалық деректермен растады.

Қазақстан, АҚШ, Германия, Австралия және Оңтүстік Корея ғалымдары жүргізген ауқымды зерттеу ежелгі көшпелілердің шығу тегі мен қоғам құрылымына қатысты тың мәліметтер ұсынды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми журналда жарияланды.

«Алтын адамның» ДНҚ-сы алғаш рет толық оқылды

Ғалымдар Еуразия даласында б.з.д. 900–200 жылдар аралығында өмір сүрген 85 адамның геномын зерттеген. Солардың қатарында Қазақстанның символына айналған «Алтын адамның» толық геномдық ДНҚ-сараптамасы алғаш рет жасалды.

«Алтын адам» 1969 жылы Алматының шығысындағы Есік қорғанынан табылған болатын. Шамамен б.з.д. IV–III ғасырларға жататын қорымнан 4 мыңнан астам алтын әшекей, темір қылыш пен қанжар, қола айна, қыш ыдыстар және алтын-күміс бұйымдар шыққан. Бұл – сақ дәуірінің ең бай жерлеу орындарының бірі саналады.

Ғалымдардың айтуынша, қабірден табылған 26 таңбалы күміс тостағандағы жазу әлі күнге дейін толық оқылмаған.

Көп жылдық пікірталасқа нүкте қойылды

Археологтар «Алтын адамды» сақ мәдениетінің өкілі деп есептегенімен, оның нақты жынысы жөнінде ұзақ жылдар бойы түрлі пікірлер айтылып келді.

Ежелгі ДНҚ технологиясының арқасында зерттеушілер бұл адамның генетикалық тұрғыдан ер адам болғанын нақты анықтады. Осылайша ондаған жылға созылған ғылыми пікірталасқа нүкте қойылды.

Сонымен қатар генетикалық талдау оның сақ тайпаларының жалпы генетикалық құрамына жататынын көрсетті. Дегенмен оның бойында Орталық Азияның оңтүстігіндегі ежелгі халықтарға тән генетикалық белгілердің үлесі сәл жоғары екені анықталған.

Сақ билігі әулеттен әулетке өткен

Зерттеудің ең маңызды қорытындыларының бірі – сақ қоғамындағы билік мұрагерлік жолмен берілген болуы мүмкін деген тұжырымның күшеюі.

Ғалымдар салтанатты қорғандарға жерленген жоғары мәртебелі адамдардың ДНҚ-сын қарапайым қабірлердегі адамдармен салыстырған. Нәтижесінде элита өкілдерінің бір-бірімен жақын туыс екені анықталған.

Мысалы, генетикалық зерттеу барысында бір ықпалды адамның екі немересі әртүрлі қорымдарға – бір-бірінен 50–140 шақырым қашықтықта жерленгені белгілі болды. Бұл сол кезеңде саяси ықпал мен әлеуметтік мәртебенің бірнеше ұрпақ бойы бір әулет ішінде сақталғанын көрсетеді.

Билеуші әулеттер жабық болған

Зерттеу барысында кейбір элиталық отбасылардың жақын туыстар арасында неке құрғаны да анықталды. Мұндай құбылыс билеуші топтың сырттан жаңа адамдарды көп қабылдамай, салыстырмалы түрде жабық қауым ретінде өмір сүргенін аңғартады.

Ғалымдардың пікірінше, алынған генетикалық деректер темір дәуіріндегі сақ және скиф элитасының арасында мұрагерлік әулеттер қалыптасқанын дәлелдей түседі.

Бұл жаңалық Қазақстан тарихындағы ең маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі туралы жаңа ғылыми деректер ұсынып қана қоймай, Еуразия көшпелілерінің қоғамы бұрын ойлағаннан әлдеқайда күрделі болғанын көрсетіп отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар