Келесі жылдан бастап кәсіпорындарға суды қайта пайдалану жоспары міндетті болады
- авторОймақ
- Бүгін, 07:30
- 13
Қазақстанда өнеркәсіп орындары су ресурстарын тиімді пайдаланудың жаңа тәртібіне кезең-кезеңімен көшеді. Қазірдің өзінде кәсіпорындар мен жылу энергиясын өндіретін ұйымдар осы бағытта 168 жоспар әзірлеген.
Қазақстанда өндіріс орындарының су тұтынуын азайтуға бағытталған жаңа талаптар енгізіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу энергиясын өндіруші ұйымдар суды қайта пайдалану және айналымдағы сумен жабдықтау жүйесіне көшуге арналған барлығы 168 жоспар дайындаған.
Бұл міндет өткен жылы күшіне енген жаңа Су кодексінен туындайды. Құжатқа сәйкес, аталған кәсіпорындар бес жылдық іс-қимыл жоспарын әзірлеп, су пайдалану жүйелерін заманауи әрі тиімді технологиялар негізінде жаңартуы қажет.
Қазір министрлік кәсіпорындардың қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелеріне талдау жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жоспарларда көзделген міндеттер орындалмаған жағдайда арнайы су пайдалану көлемін қысқартуға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер әзірленуде.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаевтың айтуынша, келесі жылдан бастап мұндай жоспарлар арнайы су пайдалануға рұқсат рәсімдеу кезінде міндетті құжаттардың қатарына енгізіледі.
Ведомствоның бағалауынша, қабылданып жатқан шаралар өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, бұл көрсеткішті 28 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Министрлік келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда бір жылда шамамен 25 миллиард текше метр су пайдаланылады. Оның шамамен төрттен бірі өндіріс секторының үлесіне тиесілі.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






