Олар тек медициналық немесе әкімшілік жұмыстармен шектелмей, жауынгерлік дайындыққа қатысып, арнайы әскери мамандықтарды да меңгеріп келеді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметтегі әйелдердің мыңға жуығы – офицерлер, ал алты мыңнан астамы келісімшарт негізінде еңбек етеді. Сонымен қатар 11 әйел басшылық қызметтерді атқарып отыр.
Әйел әскери қызметшілердің арасында дәрігерлер, психологтар, қаржыгерлер, заңгерлер, байланыс және ақпараттық технологиялар (IT) мамандары, кадр және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласының қызметкерлері бар. Олар штабтарда, жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімдерінде және әскери оқу-жаттығуларда нұсқаушы ретінде де жұмыс істейді.
Кейбір әскери қызметшілер ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің маманы сияқты күрделі әскери бағыттарды меңгеріп, кәсіби даярлықтан өтеді.
Қазақстанда әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру қарастырылмаған. Қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі қаралып жатқан жоқ.
Дегенмен әскери қызметке қызығушылық танытқан әйелдер Қарулы күштер қатарына келісімшарт негізінде қабылдана алады. Яғни әскери қызметті таңдау – олардың ерікті шешімі.
Соңғы жылдары әйелдердің қорғаныс саласындағы рөлі артып келеді. Олар тек қолдау көрсететін мамандықтарда ғана емес, жауапкершілігі жоғары әскери қызметтерде де табысты еңбек етіп, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосып жүр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






