дүйсенбі, 6 шілде, 2026 17:58

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Үміт төңкерісі: адамзат қай жолды таңдайды?

Үміт төңкерісі: адамзат қай жолды таңдайды?
Magnific.com
Әлемнің жаратылысы барысында оның негізі адамның қарым-қатынасына құралуы тиіс екендігі барша адамға анық дүние іспетті. Бірақ, қазіргідей адамды адамның өзі құрастырған дүние билеген заманда адамға да үміт арту ақымақ іс болар-ау, шамасы.

Дегенмен, дәл осындай күрделі кезеңде үміттен айырылмау – адамзаттың ең үлкен міндеті. Бұл кітаптағы ең бір айқын және анық дүние – автордың келешек жас ұрпаққа артар үмітінің көп болуымен қатар, оларға төнер қауіптің де аз еместігін баса айта отырып, саналарына жеткізуі.

Эрих Фромм бүгінгі өркениеттің басты мәселесін тек техниканың дамуы немесе ғылымның жетістігі деп қарастырмайды. Ол адамның ішкі әлеміне, рухани болмысына, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетіне ерекше назар аударады. Автордың айтуынша, адамзаттың ең үлкен жетістігі – техника емес, адамдық қасиетті сақтап қалу. Өйткені адамзат өркениетінің болашағы темір мен технологияға емес, адамның адамға деген құрметіне байланысты.

Әлем – мені, сені, жалпы алғанда, бізді қоршаған кез келген материя. Ал сол материялардың ішінде ең құнды дүние не? Қазіргі жастардың ойланбастан айтар жауабы – ақша немесе материалдық құндылық. Осы орайда, канадалық жазушы Уильям Пол Янгтың мына бір сөзі еріксіз ойға оралады: «Адамзаттың өзі ойлап тапқан “ақша” – өз өмірінен де құнды».

Неге? Себебі, қарым-қатынастың ақшаға тәуелділігі мен қоғамдағы орынның сенің «қалтаңның қалыңдығымен» өлшенуі. Өкінішке қарай, бүгінде адамды адамгершілігімен емес, материалдық жағдайымен бағалау қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Байлық адамның абыройын анықтайтын өлшемге айналған қоғамда шынайы құндылықтардың көмескіленуі – заңды құбылыс. Ал дәл осы көрініс уақыт жылжып өткен сайын табиғи процеске айналып бара жатқандай көрінеді.

Жалпы алғанда, қоғамның ең керек тұлғасы және адамдар арасында «бағалы» болу үшін не істеу керек? Осы сұрақтар автордың кітабындағы ең маңызды идеяны ашады. Адам шынымен бағалы болу үшін бай болуы керек пе, әлде адамдық қасиетін жоғалтпауы керек пе? Фромм оқырманды дәл осы сұрақтардың төңірегінде терең ойлануға шақырады. Себебі қоғамның болашағы адамдардың қандай құндылықтарды бірінші орынға қоятынына тікелей байланысты.

Жалпы алғанда, қоғам құндылығының немесе қоғам «құнды» деп тапқан дүниелердің сапасының төмендеуіне не себеп? Қоғамды кім және қалай өзгерте алады? Автор акцент қойған және үміт артқан келешекті құтқаратын батырлар кімдер?

Ол – келешек ұрпақ. Автор келешек ұрпақтың дәл қазір адамзат тағдырын айқындайтын тарихи қиылыста тұрғандығын және шешім қабылдау керектігін көрсетеді. Сол шешімнің адамзат болашағы мен адамның шынайы бостандығы үшін қаншалықты маңызды екендігін ерекше атап өтеді. Таңдау жасайтын – жастар.

Жастар қай жолды таңдайды және қай жол жақсарақ? Бірінші жол – адам техниканың «құлы» болып, әрі қарай үмітпен өмір сүре беру. Бұл жолда адамның ойлауы, сезімі, қарым-қатынасы біртіндеп технологияның көлеңкесінде қалып қоюы мүмкін. Екінші жол – адам адамды қадірлеп, гуманды өмір сүру және үміт төңкерісінде жеңіп шығу. Бұл жол – адамгершілікті, мейірімділікті, жауапкершілікті, өзара сыйластықты сақтап қалатын жол.

Қай жолдың дұрыстығын айту артық болар. Себебі жауап әр адамның жүрегінде жатыр. Бірақ бір нәрсе анық: техника адам өмірін жеңілдете алады, алайда адамның орнын ешқашан баса алмайды. Егер адам өз бойындағы мейірімін, жанашырлығын және адамға деген құрметін жоғалтса, онда кез келген технологиялық жетістік өзінің шынайы құнын жоғалтады.

«Үміт төңкерісі» – жай ғана философиялық еңбек емес. Бұл – әр оқырманға қойылған сұрақ. Біз қандай қоғам құрамыз? Ақша үстемдік еткен қоғам ба, әлде адамдық қасиет бәрінен биік тұратын қоғам ба? Автор осы сауалдарға дайын жауап бермейді. Ол жауапты бізден, әсіресе жастардан күтеді.

Таңдау және біздің болашағымыз – жастардың қолында. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ қандай құндылықтарды таңдайтыны ертеңгі адамзаттың тағдырын айқындайды. Егер біз адамды бәрінен жоғары қоя білсек, онда үміт төңкерісі де өз жеңісіне жетері сөзсіз.

Абдуашім Айгерім

Темірбек Жүргенов атындағы 70 мектеп-лицей

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Кітап – білім бұлағы
Алдыңғы мақала
Кітап – білім бұлағы

Ұқсас жаңалықтар