Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамның өліміне себеп болған автобус апаты ісіне қатысты үкім шықты.
Сот үкімі бойынша автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаеваны ұрған Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі (көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу) бойынша, 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылды. Ахметжанов 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол қауіпсіздігі барынша төмен түзету мекемесінде өтейді. Уақытша изолятордағы сотталушының бір күні түзету мекемесіндегі екі күн болып есептеледі. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен басталады.
– Жәбірленуші Құсайынова мен Байдуәлиевтің талап арыздары ішінара қанағаттандырылсын. Дархан Ахметжановтан жәбірленуші Айнұр Құсайынованың пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығын, 5 000 000 моральдық шығын, 250 000 қорғалуы үшін кеткен шығын өндірілсін. Дархан Ахметжановтан жәбірленуші Ерасыл Байдуәлиевтің пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын, 200 000 қорғауға кеткен шығын өндірілсін. Ахметжановтан мемлекеттік баж салығы ретінде 72 422 теңге мемлекет пайдасына өндірілсін. Үкім заңды күшіне енген соң Ахметжановқа ерікті түрде осы соманы төлеу үшін екі ай мерзім берілсін. Осы мерзім ішінде үкім шарты орындалмаған жағдайда мәжбүрлі түрде орындауға жолдансын, – деді сот үкімін оқыған судья Тәкен Шәкіров.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.