"Наурыз" тұрғын үй бағдарламасына 3 мыңнан астам өтінім түсті
- авторОймақ
- 26 сәуір, 2024
- 345
Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінім бергендер арасында 24 пен 35 аралығындағы жастар көш бастап тұр.
«25 сәуірде «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына «Баспана маркет» (otbasybank.kz) платформасы арқылы алғаш астаналық әскери азамат өтінім жолдады. Ол 3 жылдан бері Отбасы банкіндегі депозитіне тұрғын үй төлемдерін жинақтауда, қазір отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Өтінімдер қабылдаудың алғашқы күні Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Маңғыстау облысынан көп түсті», - деп хабарлады Отбасы банкінің баспасөз қызметінен.
Осы уақытқа дейін орта есеппен сағатына 400 өтінім қабылданып, өңделген. (Өтінім жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады).
«Алғашқы күннің қорытындысы бойынша барлығы 3 347 өтінім түсті. Тұрғын үйі бар және депозитінде қажетті сома жиналмаған (1 млн теңге) азаматтардың өтінімі кері қайтарылды. Нәтижесінде 1 124 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жатады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, банктен салымшылар депозитін асықпай толықтырып, қажет болған жағдайда оны туыстарының депозиттерімен біріктіріп, бағдарламаның шарттарына сай өтінім беруге болатыны айтылды.
«Өтінімдерді қабылдау аяқталған соң саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді. Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды (25 сәуір - 30 маусым). Тағы бір жайт, өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейді», - деп түсіндірілген ресми ақпаратта.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.