Мемлекет басшысы жиын барысында бүгінгі күннің символдық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, дәл осыдан 12 жыл бұрын – 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған.
– Бұл оқиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, шағын форматтағы кездесу барысында сыртқы сауда, жасанды интеллектіні дамыту және өзге де өзекті мәселелер қаралады. Бұл тақырыптар бойынша талқылау бір күн бұрын өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында басталған.
– Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес отырысына Қазақстан Президентімен бірге Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Арменияның вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында интеграциялық бірлестіктің алдағы даму бағыттары мен экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






