жұма, 22 қараша, 2024 13:27

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Қатты өкінемін" – сотталушының соттағы соңғы сөзі

"Қатты өкінемін" – сотталушының соттағы соңғы сөзі
фото: скрин
"Қаза болған отбасылардың туған-туыстарынан кешірім сұрағым келеді".

Былтыр желтоқсанда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатының ісі бойынша жарыссөз бүгін түске дейін де жалғасты. Сотта Дархан Ахметжанов соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ulysmedia.kz.сілтеме жасап.

Сотта сөйлеген жәбірленуші Либбер кешегі басқа жәбірленушідей сотталушы Ахметжановпен қатар, жүргізуші Шөкебаева мен автопаркті де жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. 

– Материалдық көмек түгілі автопарк те, жүргізуші де кешірім сұраған жоқ. Автопарк басшысының орынбасары осында  сөйлеген кезде «материалдық көмек ретінде қомақты ақша бердік» дейді. 200 мың теңге «қомақты» деп санаса, өз арына қалдырдым», - дейді жәбірленуші Либбер.

Ол жәбірленуші автобустың жүргізушісінің кінәлі емес екенін түпкілікті келіспейтінін айтады. 

– Сотталушы туралы ештеңе айтқым келмейді. Ол өз жазасын алады. Моральдық және материалдық шығынды автопарктен немесе автобус жүргізушісінен талап етем. Күресті жалғастырам», - дейді ол.

Сотталушы Дархан Ахметжановтың анасы ең алдымен, қайтыс болған кісілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Дархан Ахметжанов мектепті жақсы оқып, тәрбие көріп өскен адам дейді. Мұғаімдері, достары бәрі білетінін, кез келген танысы мұны растай алатынын жеткізеді.

– Бұзақылық үшін ұсталмаған. Біздің отбасындағы осы жағдай жай түскендей болды. Жұмысын істеп, үш баласын асырап жүрген бала еді. Осы жағдайда естіп шок болдым. Төбелескенін естіп, көрмеген едім. Үш айлық баласына жұмыстан асығып бара жатқан. Әдетте жаяу жүретін. Үш айлық баланың қарны ашып, әйелі қоңырау шалып, «смесь» алуды өтінген. Жол ақысын төлемеймін деген жоқ, төлемі өтпеген. Жүргізуші ар-намысына тиетін сөз айтқан. Кез келген ер адамның намысына тиер еді. Шөкебаева бой бермейді. Ахметжанов өз қатесін түсініп, айыпты толық мойындап отыр. Ал 351-бап бойынша оның кінәсі жоқ», - дейді ол.

Ал сотталушы Дархан Ахметжанов өзіне тағылған 293-бап бойынша кінәсін толық мойындайтынын айтты.

– Қатты өкінемін. Бұл қылмысты жасау себебім – Шөкебаеваның мені көпшіліктің көзінше қорлауы, ар-намысыма тиетін сөздерді айтып, қоғамдық көліктің есігін ашпай, екі аялдамадан түсірмеуінің салдары. Ал 351-бабтың 3-бөлігі бойынша  өзімнің кінәмді толық мойындамаймын. Өйткені менің соққы жасауымның салдарынан жүргізуші Шөкебаева есінен танып қалған жоқ. Өз басқаруындағы көлікті тоқтатып, жол көлік оқиғасын болдырмай, адамдардың қазаға ұшыратпауына мүмкіндігі болды деп есептеймін. Құрметті, сот мырза! Менің кәмелетке толмаған үш бала-шағам барын, қылмыстық жауапкершілікке бірінші ретін тартылып отырғанымды ескеріп, маған бас бостандығынан айырмайтын жазаны тағайындауды сұраймын. Ал 351-бабы 3-бөлігі бойынша мені кінәсіз деп танып, ақтауыңызды сұраймын. Барлық жәбірленушілердің адами тұрғыдан шынайы ниетпен кешірім сұраймын»,  –деді Ахметжанов.

Сотталушы соңғы сөзінде өрескел қателік жіберіп, ашуға бой алдырғанын, бұзақылық жасағаны үшін өкінетінін, өмірлік сабақ алғанын түсінетінін айтты. «Ендігәрі бұзақылық жасамаймын» деп сенетінін және оған сот та сенсе екен дейді. Тергеушілер сот барысында уәкілетті қызметін пайдаланып, іске «аса қатігездікпен» деген сөзді қосқанымен келіспейтінін айтты. Көз жасына берді.

– Қаза болған отбасылардың туған-туыстарынан кешірім сұрағым келеді. Арты қайырлы болып... Сіздерге өте ауыр. Менің де жүрегім ауырады. Қайғыларыңызға ортақпын. Мені кінәлі деп танып жатсаңыздар, кешірім сұраймын шын жүректен. Жарақат алғандардан да кешірім сұраймын. Алла дендеріңізге шипасын берсін. Ата-анамнан, әйелімнен қиын жағдайда, уайымда қалдырғаным үшін кешірім сұраймын», - деді ол.

Іс бойынша үкім бүгін сағат 17.00-де шығады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар