24 жастағы биші жуырда Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен халықаралық «Лазги» фестивалінде өнер көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.
Байқауға әр елден кәсіби бишілер қатысқан. Солардың арасында қазақтың ұлттық биі мен өзбектің «Лазгиін» орындаған Қаракөз ерекше көзге түскен. Қазылар алқасы ғана емес, көрермендер де оның өнеріне сүйсініп, көзіне жас алғанын айтады.
Қаракөз үшін бұл сахна оңай болмаған. Үлкен халықаралық фестиваль алдындағы толқу аздай, жарысқа бірнеше күн қалғанда би қойылымы да өзгертілген.
– Сахна өте үлкен болды. Көрермен көп. Алғашында қатты қорықтым. Кейін биімді де өзгертіп жіберді. Қайта дайындалдым. Қимылдар қиындап кетті. Бірақ бәрібір соңына дейін билеп шықтым, – дейді биші қыз.
Фестиваль кезінде көп адам оның есту қабілеті жоқ екенін аңғармаған. Тіпті тәлімгерлері де бұл туралы алдын ала айтудан бас тартқан. Олар Қаракөздің ерекше жағдайымен емес, талантымен танылғанын қалаған.
Тәлімгері Исатай Елеусіннің сөзінше, кей көрермендер Қаракөзді өзбек бишісі деп ойлап қалған.
– Халық оның естімейтінін мүлде байқамады. Себебі ол сахнада өзін еркін ұстайды. Биді жүрегімен сезінеді. Көрермен де соны қабылдады, – дейді ол.
Қаракөз тек биші емес. Ол сахнаға киетін киімдерін де өзі дайындайды. Байқауға барған көйлегін өз қолымен тігіп шыққан. Ал ұлттық бас киімін арнайы зергерге жасатқан.
Қазір жас өнерпаз өзі секілді есту қабілеті нашар балаларға би үйретіп жүр. Оның екі тобы бар. Қаракөз шәкірттерінің де болашақта үлкен сахнаға шығатынына сенеді.
– Менің оқушыларым әлеуметтік желіден жарыстарымды көріп, шабыт алады. Олар да өнерден өз орнын табады деп ойлаймын, – дейді ол.
Бүгінде Қаракөз өнер көрсететін «Шаттық» ансамблінде 15 ерекше қыз тәрбиеленіп жатыр. Ұжым жетекшісі олардың музыка ырғағын құлақпен емес, жан-дүниесімен сезінетінін айтады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
15 мамыр — қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың туған күні
- авторОймақ
- 15 мамыр, 2026




