сәрсенбі, 13 мамыр, 2026 12:38

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мұқаев "көк папка дауына" қатысты пікір білдірді

Мұқаев "көк папка дауына" қатысты пікір білдірді
instagram.com/daulet_mukayev. Суретте: Дәулет Мұқаев
Видеодағы көк папка – оның жұмыс құжаттарына арналған жеке папкасы екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жұбайын туған күнімен ерекше форматта құттықтағаннан кейін әлеуметтік желіде сынға қалды. Желіде тараған видеода депутат әйеліне Парламенттің ресми құжатына ұқсайтын құттықтау қағазын табыстаған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Кейбір қолданушылар депутатты Парламент атрибутикасын жеке мақсатта пайдаланды деп айыптады. Видео кезінде Мұқаев жұбайын ресми стильде құттықтап, "әйтпесе 1 шілдеден бастап Парламент таратылады" деп әзілдеген.

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан бұл әрекеті этикалық талаптарға қайшы емес пе деп сұрады.

"Соңғы екі-үш күнде "Дәулеттің көк папкасы" қызу талқыға түсті. Біріншіден, бұл ешқандай да ресми құттықтау емес еді. Әлеуметтік желілерде "Парламент атынан" деген тұжырымдарды өзім де көрдім, бірақ бұл менің жеке құттықтауым болатын", – деді Мұқаев.

Депутаттың айтуынша, видеодағы көк папка – оның жұмыс құжаттарына арналған жеке папкасы.

"Осы ғимараттағы әрбір әріптесімізде ақ және көк папкалар бар. Көк папка менің жеке құжаттарым үшін қолымда жүрген болатын. Дизайнын өзім жасадым, мәтінін жаздым, оны басып шығардым, баспа үшін 5 мың теңге төледім де, жұбайымды құттықтадым – болды", – деп түсіндірді ол.

Мұқаев бұл жағдайда Парламент регламенті бұзылмағанын айтты. Оның сөзінше, ресми бланк рұқсатсыз пайдаланылмаған, құттықтау тек жеке іс-шарада, жұмыстан тыс уақытта жасалған.

"Регламентке сәйкес, рұқсатсыз Парламенттің ресми бланкісін пайдалануға тыйым салынады, ал бұл жағдайда әңгіме тек папка туралы болып отыр. Сонымен қатар, құттықтау пленарлық отырыста немесе мемлекеттік мекемеде емес, жұмыстан тыс уақытта, достар арасындағы жеке іс-шарада айтылды. Онда әріптестерімнің қолдары немесе ресми құттықтаулары болған жоқ", – деді депутат.

Сондай-ақ ол құттықтау қағазында басқа депутаттардың қолы қойылмағанын атап өтті.

"Туған күн 5-і болған, ал әлеуметтік желілердегі талқылау тек 9–10 мамырда басталды. Бұл біреудің арнайы тапсырысы ма – білмеймін", – деп түйіндеді Дәулет Мұқаев.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар