сәрсенбі, 13 мамыр, 2026 11:22

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Аутизмі бар қазақстандық спортшы алғаш рет әлемдік паражүзуден бақ сынады

Аутизмі бар қазақстандық спортшы алғаш рет әлемдік паражүзуден бақ сынады
жеке архив
Берлинде өткен World Para Swimming Series халықаралық турнирінде қазақстандық спортшы Әмір Алпамыс өнер көрсетіп, Орталық Азия тарихында аталған жарысқа қатысқан алғашқы паражүзуші атанды.

Бұл сайыс Қазақстан мен бүкіл өңір үшін тарихи сәт ретінде бағаланып отыр. Себебі World Para Swimming Series — әлемнің үздік паражүзушілері қатысатын ең беделді халықаралық турнирлердің бірі. Жарыстың Жеңіс күні өтуі де ерекше символдық мәнге ие болды.

Берлиндегі додада Қазақстан намысын қорғаған Әмір Алпамыс бірнеше қашықтық бойынша сынға түсті. Оның нәтижелері төмендегідей:
— 100 метр еркін стиль — 1:10.50;
— 100 метр брасс — 1:59.07;
— 200 метр еркін стиль — 2:30.32;
— 400 метр еркін стиль — 5:12.50.

Мамандардың айтуынша, Әмір кәсіби спорт мектебінен шықпаған. Аутизмі бар спортшының халықаралық деңгейге дейін жетуі — отбасының қолдауы, жаттықтырушының жүйелі дайындығы және Idsport федерациясы құрған инклюзивті спорт ортасының нәтижесі.

Федерация соңғы төрт жылда интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар азаматтарды спорт жүйесіне тарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізген. Соның арқасында заңнамалық және нормативтік деңгейде өзгерістер енгізіліп, ерекше спортшылардың жоғары жетістіктер спортына қатысуына мүмкіндік ашылған.

Бұған дейін, 2026 жылдың ақпан айында қазақстандық Дастан Ордабай халықаралық спорт қауымдастығына танылған еді. Ол да кәсіби спорттан келмеген. Мамандар Әмір мен Дастанның жетістігін ерекше спортшыларға тұрақты қолдау көрсетілсе, олардың әлемдік деңгейде өнер көрсете алатынының дәлелі ретінде бағалап отыр.

Жаттықтырушы Ернұр Сайлаубектің сөзінше, Берлиндегі турнирде Әмір бірнеше жеке рекордын жаңартқан.

«Әмір 100 және 200 метр еркін стиль бойынша жеке рекордтарын жаңартты. Сонымен қатар 400 метр еркін стильдегі нәтижесін бес секундқа жақсартты», — деді жаттықтырушы.

Сондай-ақ спортшы 100 метр брасс бойынша халықаралық классификациядан толық өтіп, енді SB14 санатында да жарысу құқығына ие болды. Бұл оған халықаралық кешенді жүзу турнирлеріне қатысуға жол ашады.

Idsport федерациясының президенті Дина Темірғалиева бұл жетістік бір жарыспен шектелмейтінін айтты.

«Біздің мақсат — бір жарыстың нәтижесі емес. Қазақстан мен Орталық Азия спортшылары әлемдік спорт қозғалысының толыққанды бөлігіне айналуы керек», — деді ол.

Қазір Қазақстан Virtus халықаралық федерациясының құрамына енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет саналады. Федерация жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол және шаңғы спорты секілді бірнеше бағытты дамытып келеді.

Алдағы маңызды халықаралық жарыстардың бірі — ITTF World Para Future турнирі. Ол 2026 жылғы 13–16 шілде аралығында Тайландта өтеді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар