бейсенбі, 23 сәуір, 2026 16:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қоңыр МҰҚАТАЙҚЫЗЫ: Ұлттық кітап күні ел брендін қалыптастырады

Қоңыр МҰҚАТАЙҚЫЗЫ: Ұлттық кітап күні ел брендін  қалыптастырады
Фото: жеке деркккөз
Кітап палатасының жыл сайынғы баспасөз статистикасына сүйенсек, кітаптардың шамамен 70 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал қалған бөлігі басқа тілдерде жарық көреді.

Ұлттық кітап күні – рухани құндылықтарды ұлықтап, оқу мәдениетін жаңғыртатын ерекше мереке. Бұл күн – кітаптың адамзат өркениетіндегі орнын айшықтап, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Кітап арқылы сана қалыптасып, таным көкжиегі кеңейеді, ал оқырман мәдениеті – ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Осы орайда, кітап ісінің өткені мен бүгіні, баспа саласының даму үрдісі мен болашағы туралы тереңірек білу мақсатында библиограф-ғалым Қоңыр Мұқатайқызымен әңгімелестік.

 

– Бүгінде Қазақстандағы баспа саласының даму деңгейін қалай бағалайсыз?

– Баспа саласында 40–50 жыл қызмет етіп келемін, сондықтан бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін. Кеңес одағы кезеңіндегі де, тәуелсіз Қазақстан тұсындағы да кітап шығару ісінің дамуына тікелей араласқан мамандардың бірімін. Құқықтық-нормативтік құжаттарды, стандарттарды әзірлеуге, заң жобаларын дайындауға қатыстым. Осы тәжірибеме сүйене отырып, өз көзқарасымды білдірейін.

Жалпы, Қазақстандағы баспа ісінің тарихына үңілсек, оның бастауын 1920 жылдың 4 қарашасынан аламыз. Дәл осы күні баспа ашу туралы қаулы қабылданып, арнайы ереже бекітілді. Соның нәтижесінде елімізде тұңғыш баспа дүниеге келді. Кейін, 1920–1940 жылдар аралығында сала біртіндеп дамып, «Жазушы», «Мектеп», «Білім» секілді іргелі баспалар қалыптасты.

Ал тәуелсіздік алғаннан кейін отандық баспа саласы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Меншік формасы, репертуар қалыптастыру, таралым шығару тұрғысынан баспалар толық еркіндікке ие болды. Бұл кезеңді толыққанды трансформация дәуірі деп атауға болады. Бұрынғыдай тек мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болмай, нарық талабына сай жұмыс істеу жүйесі қалыптасты. Яғни, оқырман сұранысына қарай кітап шығару үрдісі жолға қойылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығару мемлекеттік бағдарламасы бар. Алғашында бұл бағдарлама аясында жыл сайын 400-ге жуық кітап жарық көрсе, бүгінде олардың саны 220–250 атауға дейін қысқарған. Бұл жобаға еліміздегі барлық баспалар қатыса алады: арнайы тендер арқылы әр баспа өз үлесін алады.

Қазіргі таңда баспалардың репертуары негізінен үш бағытта қалыптасып отыр деуге болады. Біріншісі – мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар. Екіншісі – нарықты зерттей отырып, сұранысқа ие коммерциялық әдебиеттерді басу. Үшіншісі – авторлардың өз бастамасымен ұсынылатын шығармаларды жарыққа шығару.

Бүгінде кітап тек ақпарат көзі ғана емес, эстетикалық құндылыққа ие өнімге айналды. Полиграфиялық сапасы, дизайны жағынан да айтарлықтай ілгерілеу бар. Мәселен, «Атамұра», «Аруна», «Алматыкітап», «Арман-ПВ» сияқты жетекші баспалар халықаралық стандарттарға сай өнім шығарып, отандық кітап индустриясының деңгейін көтеріп отыр.

– Соңғы жылдары кітап нарығында қандай оң өзгерістер байқалады?

– Бүгінде қазақ тілінде шығатын кітаптар жоғары сұранысқа ие. Мысалы, Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының жыл сайынғы баспасөз статистикасына сүйенсек, кітаптардың шамамен 70 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал қалған бөлігі басқа тілдерде жарық көреді. Бұл – ұлттық басылымдардың саны артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Қазіргі таңда отандық баспалар нарық талаптарына да бейімделіп үлгерді. Жаңа авторлардың пайда болуы, кітап дүкендерінің заманауи форматқа көшуі, маркетингтің жандануы, сондай-ақ халықаралық фестивальдерге қатысу сияқты оң үрдістер қалыптасты. Мәселен, жуырда қазақстандық баспагерлер Болонья кітап жәрмеңкесіне қатысып қайтты. Мұның бәрі еліміздегі баспа ісінің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.

Ұлттық кітап күнінің маңызына келсек, кез келген мәдениет пен өркениеттің негізінде кітап тұрады. Сондықтан кітап саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағалауға лайық деп есептеймін. Кеңес дәуірінен бері кітап мәдениетін дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралардың жүзеге асуына атсалысып келемін, әрі бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы аса маңызды.

– Ұлттық кітап күнінің енгізілуі салаға қандай серпін береді деп ойлайсыз?

– Ұлттық кітап күні бізге не береді деген сұраққа былай жауап берер едім: былтыр, 23 сәуірде, бұл күн алғаш рет атап өтілді. Бұл, біріншіден, оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған. Ал оқу мәдениетін дамыту – ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеру деген сөз. Екіншіден, бұл бастама баспагерлерді қолдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұлттық брендті қалыптастырып, «оқитын ұлт» тұжырымдамасын нығайтуға ықпал етеді. Яғни, кітап оқуды трендке айналдырып, оны мақтаныш ретінде қабылдайтын қоғамдық сана қалыптастыру – осы күннің негізгі мақсаты деп ойлаймын. Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған онкүндік аясында да көптеген мазмұнды іс-шаралар өтті.

–      Әңгімеңізге рақмет!

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар