Дала дипломатиясы: Қазақстан - Моңғолия серіктестігі жаңа кезеңге қадам басты
- авторОймақ
- Бүгін, 11:25
- 24
Қос елдің байланысына үңілсек, Моңғолия — Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Тікелей шекара болмағанымен, рухани және тарихи байланыстар тереңнен тамыр тартып, екіжақты қарым-қатынастың негізін қалыптастырып отыр.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнады. Содан бері саяси, экономикалық және мәдени байланыстар біртіндеп дамып, жүйелі сипатқа ие болды. Қазақстан 1997 жылы Ұлан-Батырда дипломатиялық миссиясын ашып, 2007 жылы оны толыққанды елшілік деңгейіне көтерді. Бүгінде Қазақстанда Моңғолияның Астанадағы елшілігі мен Алматыдағы консулдық пункті жұмыс істейді. 1991 жылдан бері 60-тан астам келісімге қол қойылған.
https://kaz.inform.kz/news/dala-diplomatiyasi-kazakstanmongoliya-serktestg-zhana-kezenge-kadam-basti-fbbd56/
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов қос елдің саяси диалогін тұрақты әрі сенімге негізделген деп бағалайды.
— Екі елдің арасында қайшылық жоқ. Керісінше, олардың сыртқы саясаттағы ұстанымы ұқсас. Қазақстан Орталық Азияға, Каспий аймағына және Еуропаға шығу мүмкіндігін береді, ал Моңғолия Шығыс Азиямен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, олар аймақтар арасындағы байланысты нығайта алады. Дегенмен, жоғары деңгейдегі байланыстардың жиілігі әлі де жеткіліксіз. Бірақ әлеует бар, — дейді сарапшы.
Қос ел байланысының жаңа кезеңі 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлан-Батырға жасаған мемлекеттік сапары барысында басталғанын айту қажет. Сапар аясында екіжақты қатынас нақты мазмұнмен толықты.
Сапар барысында стратегиялық серіктестік туралы бірлескен декларацияға және инвестициялар, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, өсімдіктер карантині мен ақпараттық технологияларды қамтитын 11 құжатқа қол қойылды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту бағытындағы келісімдер қабылданып, жүк тасымалын жеңілдету мен жаңа логистикалық бағыттарды дамытуға басымдық берілді. Биыл, ақпан айында Қазақстан Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы заңды ратификациялады.
Осы үдерістің жалғасы ретінде 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы келісіліп, инвестицияларды өзара қорғау мен ынталандыру шараларын жеделдету көзделді. Нәтижесінде Қазақстан Моңғолия үшін Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық әріптеске айналды.
Саясаттанушы Ерсұлтан Жансейітовтің пікірінше, қазақ-моңғол қатынастарының беріктігі бірнеше іргелі факторға негізделіп отыр.
— Біріншіден, ол — қолайлы саяси ахуал мен жоғары деңгейдегі сенім. Екіншіден, көшпелі өркениеттің ортақ мұрасы мен Шыңғыс хан дәуірінен бастау алатын байланыстар. Үшіншіден, сыртқы саясат пен экономикалық мүдде. Екі ел де нарықты әртараптандыруға, транзиттік әлеуетті арттыруға, сондай-ақ БҰҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық алаңдарда үйлесімді әрекет етуге мүдделі, — дейді сарапшы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ақтаулық блогерлердің интим видеосы тарады
Ұқсас жаңалықтар
Президент Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты
- авторОймақ
- 18 сәуір, 2026






