Отбасы банкі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру үшін әлеуметтік облигациялар орналастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Банк мәліметінше, 2026 жылғы 12 наурызда Қазақстан қор биржасында (KASE) арнайы сауда-саттық өтіп, оның нәтижесінде 200 млрд теңге тарту көзделген. Тартылған қаражат «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларды несиелендіруге бағытталмақ.
Бағалы қағаздардың бір данасының номиналдық құны 1000 теңге болып белгіленген. Ал орналастыру кезінде қалыптасуы мүмкін жылдық мөлшерлеме шамамен 17,5 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Сыйақы төлемдері жылына екі рет жүргізіледі, яғни инвесторлар әр алты ай сайын пайыздық табыс алып отырады.
Ипотеканы қолжетімді ету үшін жарты триллион теңге тартылған
Отбасы банк соңғы жылдары тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында бірнеше әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы.
Банк мәліметіне сәйкес, бұл бағдарлама іске қосылғалы бері 15 мыңға жуық қазақстандық баспаналы болған. Қолжетімді ипотекалық несие беру үшін бұрын 500 млрд теңге көлемінде қаржы тартылған.
Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл бағдарламаға байланысты тағы бір өзгеріс енгізілген.
«10 наурыздан бастап «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдауды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған бұл бастаманы үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеміз. Соның нәтижесінде 15 мың қазақстандық қоныс тойын тойлады. Оларға қолжетімді несие беру үшін біз 500 млрд теңге тарттық. Биылдан бастап азаматтар бағдарламаға қатысып қана қоймай, оның инвесторы да бола алады», – деді банк басшысы.
Оның айтуынша, банк ішкі рәсімдерді жаңартып, облигацияларды тек заңды тұлғалар ғана емес, жеке тұлғалар да сатып ала алатындай мүмкіндік қарастырған.
Облигацияларды кімдер және қалай сатып ала алады?
Жаңа облигацияларды жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да брокерлік компаниялар арқылы сатып ала алады. Қазіргі уақытта мұндай операцияларды Alatau City Invest, bcc.kz және Halyk Finance платформалары арқылы жүргізуге мүмкіндік бар.
Әдетте бағалы қағаздарды сатып алу үшін алдымен брокерлік қосымша арқылы шот ашылады. Одан кейін шотқа қаражат аударылып, қажетті облигациялар таңдалып, сатып алу туралы өтінім беріледі. Мұндай өтінімдер әдетте сауда басталғанға дейін алдын ала қабылданады.
Қаржы сарапшыларының айтуынша, облигациялар – инвестицияның кең тараған құралдарының бірі. Инвестор облигация сатып алу арқылы белгілі бір ұйымға қарыз береді, ал ұйым өз кезегінде белгіленген мерзімде пайызымен бірге қайтаруға міндеттенеді. Бұл құрал көбіне тұрақты табыс алуға бағытталған инвестиция ретінде қарастырылады.
Банктің қаржылық көрсеткіштері
Отбасы банк Қазақстандағы тұрғын үй жинақ жүйесін жүргізетін негізгі қаржы институттарының бірі саналады. Оның жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.
Банк деректеріне сәйкес, соңғы жылдары қаржы ұйымының негізгі көрсеткіштері өсім көрсеткен. 2025 жылдың басынан бері активтер көлемі 21,5 пайызға, несие портфелі 15,8 пайызға, ал депозиттер көлемі 22,2 пайызға артқан.
Халықаралық рейтингтік агенттіктер де банктің қаржылық тұрақтылығына баға берген. Fitch Ratings агенттігі банкке BBB деңгейіндегі, ал Moody’s Investors Service Baa1 деңгейіндегі рейтинг тағайындаған.
Сондай-ақ банк актив көлемі бойынша елдегі екінші деңгейлі банктер арасында төртінші орында, меншікті капитал көлемі бойынша бесінші орында тұр. Ұзақ мерзімді депозиттер көлемі бойынша банк екінші орынға ие. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ипотекалық несиелердің 52 пайызы осы банк арқылы беріледі.
Осылайша, алдағы облигациялық орналастыру тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыруға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік бермек. Ал оның нәтижесі KASE алаңында өтетін сауда-саттықтың қорытындысы бойынша белгілі болады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





