Алматы әкімі Михаил Шайдоровқа 3 бөлмелі пәтер мен автокөлік кілтін табыстады
- авторОймақ
- 28 ақпан, 2026
- 20
Алматыда Almaty Arena спорт кешенінің алаңында XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері мен қатысушыларына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған барлық спортшыға алғыс білдірді.
"Алматылықтардың атынан Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін жеңіп алу – бұл аса жоғары жетістік әрі бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш", – деді Дархан Сатыбалды.
Қала басшысы сондай-ақ Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және ең жас спортшы — Илья Мизерныхтың еңбегін ерекше атап өтті. Илья Мизерных тұғырдан секіру бойынша еліміздің тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетіп, Олимпиадада үздік ондыққа енді.
"Алматы – спортшылар қаласы. Біздің мегаполис әрдайым чемпиондарды тәрбиелеп келеді және алдағы уақытта да спорт инфрақұрылымын дамытуға, жас таланттарды қолдауға барлық қажетті жағдай жасай береді. Сіздердің жетістіктеріңіз – жас ұрпаққа үлгі, мемлекетіміздің абыройы. Алда әлі талай асулар мен жаңа жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін", – деді Дархан Сатыбалды.
Өз кезегінде спортшы жиналған қауымға және іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
"Көрсетілген қолдау біз үшін аса маңызды. Бұл мен үшін соңғы меже емес, алда үлкен жоспарлар бар. Менің жетістігім жас спортшыларға шабыт беріп, жаңа биіктерді бағындыруға серпін болады деп сенемін", – деді Михаил Шайдоров.
Салтанатты рәсім барысында Алматы әкімі Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтерге сертификат, жаңа автокөліктің кілтін және ақшалай сертификат табыстады.
Жүлдегердің бапкері Айгүл Қуанышеваға 5 миллион теңге көлемінде сертификат, ал ұлттық құраманың бас бапкері әрі чемпионның жеке бапкері Әсем Қасановаға бір бөлмелі пәтерге сертификат пен ақшалай сертификат берілді.
Сондай-ақ Олимпиадаға қатысқан спортшылар мен олардың бапкеріне 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табысталды.
Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Сахнада Bellucci, Тұрар және қазақ эстраданың басқа да танымал өнерпаздары өнер көрсетті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





