Адвокат Ғабит Өмірбек жағы сынған сарбазды Отарға қайта апармау керек екенін айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 11:12
- 14
Жамбыл облысында Отардағы 21450-12 әскери бөлімінде ұрып-соққаннан жақ сүйегі сынған Қапар Есбол Қалыбекұлының оқиғасы қоғамның назарын аударған еді. Оның адвокаты Ғабит Өмірбек істің қате баппен қозғалғанын және сарбаз жазылған соң оны қайта Отарға апармау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс дұрыс баппен қаралмаған. 440-бап екі мерзімді әскери қызметкердің төбелесінде қойылады. Ал бұл жерде сержант қол көтерген соң, 451-бап қолданылуы керек.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс дұрыс баппен дәрежеленбеген. Өткенде мен 440 деп естідім. 440-бап екі мерзімді әскери қызметкердің төбелесі жайында. Ал бұл жерде сержант ұрды ғой. Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 451-бабы қолданылады. Біріншіден, ол өз қызметінің міндетін асыра пайдаланды. Екіншіден, өзінше билік етті. Үшіншіден, денсаулығына қасақана зиян келтірді. Қазір емханада анықталып, сараптама тағайындалады. Мен заңгер ретінде «денсаулығына орташа зиян келді» деп есептеймін. Егер жағдай ұзаққа созылса, зардаптың көлеміне қарай жазасы өзгеруі мүмкін. Қазір бастысы — баланың денсаулығын қорғап, оған ешкім қысым жасамауын қамтамасыз ету», — деді адвокат.
Ғабит Өмірбек бұған дейін де осыған ұқсас жағдайлардың болғанын айтты. Оның сөзінше, сарбаздар әдетте әлімжеттік көрсе арыз жазады да, артынша сол бөлімге оралғанда басқа қызметкерлерден психологиялық, моральдық қысым көреді.
«Отарға баланы мүлде апаруға болмайды. Өйткені ол сол Отардың ішінде болған оқиға. Ертең баланы сол әскери бөлімге қайта апарса, оған моральдық қысым жасалады. Бізге баланы Алматы қаласының әскери бөліміне ауыстыруға тырысу керек. Болмаса, сол Жамбыл ауданындағы басқа бөлімге міндетті түрде ауыстыру қажет. Ондай оқиғалар көп. Бір бала бір әскери қызметте жүріп, біреу ұрғаннан кейін арыз жазса, оған басқа әскери қызметкерлер қысым көрсетеді», — деді адвокат.
Еске сала кетсек, Қапар Есбол 2025 жылы 28 мамырда Отардағы әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскесінің сөзінше, әскерден босауына 4 ай қалғанда оны үш сержант соққыға жыққан. Тағы бін сержант темір затпен ұрып, сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған. Ең сорақысы — сарбаздың ауыр жарақат алғанына қарамай, бір ауруханаға қаратқан соң 16 күн бойы бір үйде ұстап отырған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




