жұма, 20 ақпан, 2026 20:37

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Халықтың қалтасы жұқарды»: Қазақстанда көлікті несиеге алу қарқыны бәсеңдеді

«Халықтың қалтасы жұқарды»: Қазақстанда көлікті несиеге алу қарқыны бәсеңдеді
Freepick
Бұрынғыдай «не болса соны» несиеге ала беретін кезең артта қалды.

Қазақстанда көлікті несиеге алу бұрынғыдай қарқынмен жүріп жатқан жоқ, деп хабарлайды 31 телеарнаға сілтеме жасап Oimaqnews.kz. Енді нарықта талас күшейіп, сатып алушы талғампаз бола бастаған.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, нарықта бұрынғыдай дүрлікпе жоқ. Қытай маркалары көбейді, сырттан әкелінетін көліктер де азаймай тұр. Баға да тұрақты емес. Сондықтан автосалондар әр клиент үшін күресуге мәжбүр.

Экономист Бекнұр Кисиков жағдайды бұдан да ашық айтады:

«Қазір халық көлік үшін емес, күнкөріс үшін жұмыс істеп жүр. Мұндай кезде темір тұлпар міну – көпшілікке арман, ал шын қажеттілік емес», – дейді ол.

Оның сөзінше, табыс табу үшін көлік керек жандар – такси айдайтындар, жеткізу қызметінде жүргендер – бұрын алып қойған. Ал қарапайым отбасы үшін, әсіресе жолы тығыз үлкен қалаларда, көлік алудың мәні азайған.

Бірақ көлік саласының мамандары бұған келіспейді. Олардың ойынша, көлік банктер үшін әлі де сенімді несие түрі. Себебі көлік кепілде тұрады.

Авто сарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша:

«Көлік толық өтелмейінше, ол – банктің бақылауында. Егер төлем тоқтаса, банк көлікті қайтарып алып, сата алады. Сондықтан бұл несие банктер үшін зиян емес», – дейді ол.

Биыл автосалондар сатып алушыны тарту үшін түрлі жеңілдік, бөліп төлеу, жалға беру сияқты тәсілдерді көбірек ұсынуы мүмкін.

Алайда басты мәселе біреу: халықтың табысы жетпей жатса, ешқандай айла көмектеспейді.

Көлікті несиеге алу қарқынының баяулауы – құр сан емес. Бұл – елдегі тұрмыс деңгейінің айнасы.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар