бейсенбі, 19 ақпан, 2026 13:32

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Тоқаев Қазақстан неліктен "Бейбітшілік кеңесіне" мүше болғанын түсіндірді

Тоқаев Қазақстан неліктен "Бейбітшілік кеңесіне" мүше болғанын түсіндірді
Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесін құруды қолдағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл платформаны тұрақтылыққа қол жеткізу, даму мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы практикалық құрал деп санайды.

Мемлекет басшысы National Interest басылымына арналған мақаласында БҰҰ қолдауымен құрылған Бейбітшілік кеңесі бастамасы халықаралық қақтығыстарды, әсіресе Таяу Шығыс пен Газа секторындағы жағдайды шешудің нақты жолдарын іздеудегі маңызды қадам болғанын атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, АҚШ ұсынған тәсіл жаңа тұжырымдамаға негізделген — бейбітшілікке экономикалық даму, инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашу арқылы қол жеткізу. Бұл жаңа қақтығыстардың туындау ықтималдығын азайтуға тиіс.

«Қазақстанда қоғам мен сарапшылар арасында президент Трамптың стратегиясымен байланысты саяси ұстанымдарға оң көзқарас кең таралған: бұл — ақылға қонымды саясат, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүдделерді сақтау және соғысты созу емес, оны тоқтатуға ұмтылу», — делінген мақалада.

Президент бұл қағидаттар қоғамның басты үмітіне — қауіпсіздікке, тұрақтылыққа және лайықты болашаққа деген сұранысына сай келетінін айтты.

«Қазақстанның бұл бағытты қолдауы сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табады. Сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылып, оны нақты қадамдармен қолдауды жөн көрдік», — деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын да айтты. Ел бір жағынан Израильмен қарым-қатынасты дамытса, екінші жағынан палестин халқының құқықтарын қолдап, екі мемлекет құру қағидатына негізделген шешімді жақтайды. Оның сөзінше, Бейбітшілік кеңесіне қатысу ұлттық мүддеге сай келеді әрі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция мен жаңа технология тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Астана бұл бастамаға қатысу мұсылман және еврей әлемі арасындағы диалогты кеңейтуге және халықаралық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеді.

Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін, оның стратегиялық бағыттарды — пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, цифрлық инфрақұрылым, логистика және жоғары технологиялы өндіріс салаларын қамтитынын айтты. Атап айтқанда, америкалық Cove Capital компаниясының қатысуымен әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірін игеру жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстан тұрақтылықты басты орынға қоятын, халықаралық міндеттемелерді құрметтейтін және нақты нәтижеге ұмтылатын сенімді әрі адал серіктес болуға берік ниетті», — деп түйіндеді Президент.

Бұған дейін Қазақстан АҚШ бастамасымен Газа секторындағы қақтығысты реттеу және оны қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында құрылған Бейбітшілік кеңесіне ресми түрде қосылып, ұйымның негізін қалаушы елдердің бірі атанғаны хабарланған болатын. Президент әкімшілігі ұйымға кіру міндетті қаржылық жарна талап етпегенін нақтылады.

«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне қандай да бір қаржылық жарнасыз қосылды, бұл жарғы талаптарына толық сәйкес келеді», — делінген хабарламада.

Бейбітшілік кеңесіне Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Армения және Әзербайжан сынды 18 мемлекет кірді. Қазақстан бұл ұйымға қатысу арқылы халықаралық беделін нығайтып, экономикалық байланыстарды дамытып, жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуді көздеп отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар