Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, ведомствоның жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырды. Мемлекет басшысы ҰҚК жұмысын реформалап, жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жетілдіру, алға қойылған міндеттерді орындаудың жаңа жолдарын әзірлеу және комитет қызметінің тиімділігін арттыру қажет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК басшылығына «Заң мен Тәртіп» қағидатының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа және өзге де заңбұзушылықтарға қарсы күреске баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Президент әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу шараларын күшейтуді де міндеттеді.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметкерлерді іріктеу тәртібін жетілдіруді тапсырды.
Бұдан бөлек, маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Еске салайық, 16 қарашада Президент Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 2022 жылғы қаңтардан бері атқарып келген.
Оның орнына бұған дейін ҰҚК төрағасының орынбасары болған Марат Ирменов тағайындалды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





