Метеорологтардың мәліметінше, батыстан келетін циклон мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. 10–11 ақпанда елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталық өңірлерінде, ал 11 ақпанда шығыста нөсерлі жауын-шашын (жаңбыр мен қар) жаууы мүмкін. Республика бойынша көктайғақ, боран және желдің күшеюі болжанып отыр.
Кезең соңында батыс антициклонының әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы төмендейді. Атап айтқанда, солтүстік, солтүстік-батыс және орталық аймақтарда түнде ауа температурасы 22–30 градусқа дейін аяздап, күндіз 15–20 градусқа дейін суытады. Шығыста түнде 13–23 градус аяз, күндіз 12–20 градус аяз күтіледі. Оңтүстікте түнгі температура 10–20 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 5 градус аяздан 5 градус жылуға дейін құбылады.
Бұған дейін синоптиктер ақпан айына арналған жаңартылған болжамды да жариялаған еді. Оған сәйкес, ақпан әдеттегіден жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Қазақстанның көп бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Ал республиканың оңтүстік-шығысында температуралық фон шамамен норма деңгейінде сақталады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






