Қабағы түйіліп, шүйіле бастаған бірекі депутатты аңғарып, «көсемнің» сөзін аяқтағанын күттім. Күтпеген жерден дауыс күшейткіштің нүктесін баса сала, Сафар Абдулло былай дей жөнелді: «Сіз орыс тілін мемлекеттік тілдің қатарында қосақтағыңыз келеді. Өзге ұлттың өкілі болсам да, орыс тілінде, Мәскеуде білім алсам да ғылыми еңбектерімді осы тілде жазсам да мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Орыс тілі сіздің қамқорыңызды қажетсіне қоймас. Оның артында Ресей тұр, ұлы орыс классикалық әдебиеті тұр. Ал қазақ тілі – өз жерінде қалағанынша өркендей алады. Отарлық саясаттың құрсауында бол ғана ұлттық республикалардың рухани болмысын жаппай шел бас қанын білесіз. Сол кеселдің кемірген жеріне дауа болмасаңыз да түсіністікпен қарауыңыз керек еді. Соншама ғасыр көлемінде қазақ тілін білуге, құрметтеуге ықылас бермегеннің өзі берушінің қолын қаққанмен бірдей. Бұл менің емес, тарихтың кесімі. Жанымнан қосып айтар едім, қазақ халқы құрметке лайық халық. Тек қана осыншама аумақты ешкім нің көзін алартқызбай сақтап қалғанның өзі не тұрады?»
Өзіңнің бар өкпеңді артқаныңнан өзгенің бір ауыз сөзінің осындай әсері болады екен. Көп ұзамай ирантанушы ғалым ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану иститутының жетекші ғылыми қызметкері Сафар Абдулломен кездестім. Ғалымның уақытының тығыз болуы себепті бірекі сауалдың төңірегінде ғана сұхбаттасудың сәті түсті.
– Абайдың «Қара сөздерін» парсыша сөйлеткен тәржімашылығыңыз туралы айтсаңыз.
– Мен парсы тілді адаммын, аудармашылық кәсібім емес. Бірақ тамаша шығарманы қазақ тілінде оқып оны аудармауға арым жетпеген кезде еріксіз қолға аламын. «Қара сөзді» алғаш оқығанда, шынымды айтайын, менен ұйқы қашты. Халқын Абайдай сүйген кім бар деп, ойға баттым. Өйткені ұлы адам жақсыны да жаманыңды да көреді. Жаны ауырғаннан соң жылатып айтады, оның сүйіспеншілігі қолдан жасалған емес, шынайы сезім. Аз да болса мен де Абайға ұқсағым келді. Сол жылдары тәжік халқының трагедиясы жайлы жазсам дегенмін. Алайда «Қарасөзден» кейін Абайдың менен артық айтқанын түсіндім. Сөйтіп екі жыл бойы қырық бес сөздің сегіз-тоғыз нұсқа сын жасадым. Парсы тілінің білгірлері мен стилистерінің «өте ғажап!» деген пікірін естігенше тынбадым. Сонымен бірге рухани әпкем, Тәжікстанның ұлы ақыны Фарзонамен бірге ақынның лирикасын аударып, Тегеранда басып шығардық. Жалпы поэзияны аудару өте күрделі. Айталық, «Көзімнің қарасы, Көңілімнің сарасын» аударғанда мағынасын жеткізгенмен, жүректе оянатын жырын қалай Абайша айтарсың? Ақыр аяғында «мен дарынсызбын, бұл өлең мәңгілік өз тіліне адал күйінде қалады» деп қолымды қойдым. Әйтсе де, Абай өлеңдерінің екінші басылымы жақында Тегеранда қайтадан басылып шығады.
-Тағы қандай қазақ әдебиетінің өкілдерін парсы тіліне аудардыңыз?
– Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» тәжік тіліне бұрыннан аударылған болатын. Бірақ ирандықтарға, парсы тілділерге бұл шығарма жетпеген. Менің қолдауыммен өзгенің аудармасында Тегеранда «Абай жолының» екі томдығы жарық көрді. Өкінішке орай, шығарма әзірбайжан тіліндегі нұсқасынан аударылды. Меніңше, қайтадан қазақ тіліндегі нұсқасынан қайта тәржімалау керек сияқты. Маған Мұхтар Омарханұлының «Көксерегі» қатты ұнайды. Алғаш рет орысшасын оқыдым. Сосын қазақ тілінде бас алмастан, қайта-қайта оқыдым. Көп уақытқа дейін «Көксеректің» әсерінде жүріп, көз алдымда бөлтірік пен Құрмаштың бейнелері, мейірім мен ақылды сананың арпалысы кетпей қойды. Осының барлығын парсы тілінде қайта жандандырғым келді. Дайын аударманы тегерандық «Бұхара» журналының бас редакторы Али Дехбошиге бердім. Жауабын ертең беремін деп ол кетті. Артынша мен тоқтаған қонақ үйге телефон шалып «қазір келемін» деді. Келе, менің арқамнан қағып, мұндай "керемет шығарманы бұрынсоңды оқыған емеспін, дереу журналға басамын" деп, әсерімен бөлісті. Әлемдік даңқы жайылған «Қария мен теңіз» тұрғылас еңбек деп бағасын берді, Мұхтар Әуезов бұл шығармасына Эрнест Хемингуэйдей Нобель сыйлығына иеленбесе де, «Көксеректей» бар кезеңнің қайталанбас туындысын жазғанын сезген шығар. Осы ретте Саадидың «Адам қанша баққанмен қасқыр болып жаратылған бәрібір қасқырға айналады» деген сөзі есіме түседі.
- Соншама тәжірибеңізден кейін тәржімалықтан бас тартуыңыздың себебі не?
– Менің негізгі салам зерттеу, оның ішінде шығыс дүниесінің қазынасын іздеймін. Мұрат Мұхтарұлы Ұлттық кітапхананың директоры болып тұрған кезінде сирек қорда жатқан жазбалардың каталогын жасауды ойға алдық. Алғашқы томдығы бүгін-ертең жарық көреді. Келесі екі томдығы кезегін күтіп жатыр. Парсы, араб, түркішағатай тіліндегі қолжазбалардың ғылыми каталогы. Мұндай каталогтың жоқты ғынан жай оқырмандарды айтпағанның өзінде ғылыми орта, шығыс танушылар біздің кітапханамызда қандай дүние жатқанын білмейді. Айтқандай, Қазақстаннан өзге жерде жоқ қолжазба тауып алдым ғой. Құндылығы қандай! Абрахман Джамидың көзі тірі кезінде жазылған екі шығармасы! Біреуі дүниеден өтерінен жиырма үш жыл бұрын, екіншісі он сегіз жыл бұрын жазылыпты. Ауғаныстанның солтүстігіндегі Балх қаласында жасалған. Бір құдіреттің күшімен осында сақталған. Барлық зерттеушілер оның жазбасының ең көнесі Ташкенттегі деп танып, біздің қолдағы дүниеден он сегіз жыл кейін жазылған дүниені айтады. Ұлы ойшыл суфи Әлішер Науаидың ұстазы, көптеген ғылыми еңбектер мен поэзияның авторы Абдрахман Джами бүкіл әлемге ортақ данышпан. Араб, парсы, шағатай тілде ріндегі сегіз жүз елуден астам кітапты аударып, халыққа жеткізу шығыстанушылар үшін аз жұмыс емес, потенциал да жеткілікті. Түп нұсқадан оқыған ғалым тірі суға қанады, аудармадан зерттеген ғалым өлі су ішеді дегендей, еуропа тілдерінен бөлек, аталмыш үш тілге жетік ғалымдарымыз жетіліп келеді.
– Ғалым, әдебиетші ретінде қазақ әдебиетінің бүгінгі беталысына да қанық боларсыз?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеуде жүргенде «Литературная газетаға» берген сұхбатымда «Тәжікстанда үш жазушы бар, қалғандары жазушылар одағының мүшесі»деп елді шулатқаным бар еді. Шындығында, солай болып қалды, оған бүгін көзіміз жетіп отыр. Мен «Қазақ нақыштары» атты еңбек жазып жатырмын. Бұл үлкен жинақта қазақтың біртуар ұлдары жайлы айтылады. Қазақтың маңдайына біткен бағы мен барының бірегейі – Олжекең, Олжас Омарұлы Сүлейменовтің портреті сол кітапта сомдалады. Ақынның жеті томдығын шығаруға қолымның ұшын тигізгенімді мақтаныш тұтамын. Көрегендігін мойындай отырып әр кезде айтылған нақыл сөздерін (афоризм) жинақтадым. Соның бірін айта кетейін:
«... Мен өзім үшін қазақ тарихын қарастыра бастадым. Онша алыс емес күндерден бастадым. Ленинкада қадалып отырып, беймәлім беттерді іздедім. 1926 жылдың санағы бойынша: «қазақтар Кеңес Одағының түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең көбі – 6 миллион 200 мың адам». 1939 жылы екі миллионның айналасында ғана қалыпты. Бұл деректерден жүрегім мұздап кетті. Аз санды ұлт атану бақыты үшін осыншама құн төлеген басқа да халық бар ма екен? Бұған төзуге қаншалықты момындық пен көнбістік керек! Даламыз аштан қырылғандардың сүйегіне көмкеріліп жатқанда сол жылдардың газеттерінде жаңа оянған өлкенің көкжиегінде туып келе жатқан жарқын болашақ жайлы жазған өлеңдерден көзіңіз сүрінеді. Көнгіш, жағымпаз, жалтақ өтіріктің қара таңбасы әдебиет деп айтуға күнә біздің шимайларымыздың маңдайына басылған...»
Олжас жалғыз өзі биік мінберлерден басқаларымыз ауыз ашуға қорқатын мәселелерді көтерді. Сөз жоқ, Олжас қазақтың ғана емес, көп жылдар тоталитарлы езгіден жапа шеккен ұлттардың ортақ айбары болды. Рас, Олжекең орысша сөзқұру көмегімен жазса да, қазақы болмысымен қарсы шықты. Кейде ойлаймын, егер қазақша жазса құртып та жіберетін бе еді. Қазіргі күнгі ұлттық мүддені ұрандатып, бір жағадан екінші жағаға ұрынып жатқандарды көріп, бұл да бір қауіпті белгінің қылаң берегіні емес пе деп қаласың. Жаншылған намысыңды оятып, ертеңіне бастайтын жол көрсеткенді нағыз ер дер едім. Сөзіміздің соңында Сафар Абдулло адамды сүюді Абайдан үйрену керек деп қортынды жасады.
Айгүл Уайсова
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






