сәрсенбі, 14 қаңтар, 2026 16:20

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Есентайдың бойындағы Қайрат Сатыбалдының қонақүйі мемлекет меншігіне қайтты

Есентайдың бойындағы Қайрат Сатыбалдының қонақүйі мемлекет меншігіне қайтты
Фото: Tengrinews.kz
Бұл нысанды кезінде Сатыбалдыға сыйға тартқан екен.

Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан қонақүй ғимараты мемлекет меншігіне өтті. Бұл нысан Қайрат Сатыбалдыға кезінде сыйға тартылған. Ақпаратты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті таратты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, қонақүйді мемлекет меншігіне өткізу Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығы негізінде рәсімделген. Сыйға тарту туралы келісімге 2023 жылғы 1 тамызда қол қойылған. Құжатқа сәйкес, Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Көктем-3 шағынауданында орналасқан, жалпы аумағы 9 461,6 шаршы метр болатын жылжымайтын мүлік мемлекетке берілген.

«2023 жылғы қыркүйекте қонақүй ғимараты республикалық меншікке ресми бекітіліп, Алматы қаласы бойынша сот әкімшілігі департаментінің балансына өткізілді»,  деп нақтылады департамент өкілдері.

Қайрат Сатыбалдының аты қоғам назарында 2022 жылғы наурыздан бері жиі аталып келеді. Ол сол кезде шетелге ұшпақ болған сәтінде ұсталған. Сол жылдың 26 қыркүйегінде сот Сатыбалдыны екі компанияға келтірілген мүліктік залал мен қаржы жымқыру деректері бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырды.

2023 жылы оған қатысты басқа да қылмыстар бойынша тергеу жалғасты. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру дерегі бойынша іс сотқа 2024 жылғы 10 қаңтарда түскен. Ал 1 сәуірде Сатыбалды бұл айыпты толық мойындады.

2024 жылғы тамызда Өскемен қаласының № 2 соты сотталғанның өтінішін қарап, жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету жөнінде шешім қабылдады. Сот бас бостандығынан айыру жазасын 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бостандықты шектеу жазасына ауыстырды. Осы кезеңде Қайрат Сатыбалды мемлекетке өз еркімен 700 млрд теңгеден асатын қаражат пен мүлікті қайтарды.

Антикор бұған дейін Сатыбалдының өтеу ретінде мемлекетке өткізген коммерциялық нысандарының тізімін де жариялаған. Олардың қатарында Алматының ескі орталығындағы Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы (33,5 млрд теңге), оған қарсы орналасқан Kaisar Towers бизнес-орталығы (7,9 млрд теңге), DoubleTree by Hilton қонақүйі (6,49 млрд теңге), «АрСат» бизнес-орталығы (8,9 млрд теңге), Maisat бизнес-орталығы (5,2 млрд теңге), Жасыл базардағы «Мегатау» сауда үйі (8,9 млрд теңге), барахолкадағы «Байсат» базары (15,9 млрд теңге) және Астанадағы «Оптимум» бизнес-орталығы (3,2 млрд теңге) бар.

Есентай жағасындағы қонақүйдің мемлекет меншігіне өтуі Қайрат Сатыбалды ісі аясында қайтарылған активтердің әлі де жүйелі түрде рәсімделіп жатқанын көрсетеді. Бұл процесс қоғам үшін символдық мәнге ие болып отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар