сейсенбі, 23 желтоқсан, 2025 18:53

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанның логистика саласындағы жетекші орны және орнықты даму перспективасы

Қазақстанның логистика саласындағы жетекші орны және орнықты даму перспективасы
Фото: Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстанның экономикалық дамуы мен халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде логистика саласының маңызы айрықша.

Елдің тиімді географиялық орналасуы оны Орталық Азия кеңістігіндегі басты транзиттік тораптардың біріне айналдырды. Логистика тек жүк тасымалдаумен шектелмей, ұлттық экономиканың өсуіне, өңірлердің дамуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына тікелей ықпал ететін стратегиялық сала болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Менің мақсатым – экономиканы және егемендікті күшейту» деген пікірі еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған саясаттың өзегін айқындайды. Осы тұрғыда логистика Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Қазақстандағы логистика саласының серпінді дамуы ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен тығыз байланысты. Елдің «Бір белдеу – бір жол» бастамасына белсенді қатысуы халықаралық логистика жүйесіндегі рөлін күшейтті. Бұл жоба транзиттік әлеуетті арттырып қана қоймай, жаңа экономикалық нарықтарға шығуға жол ашты. Бүгінде теміржол желілері, автомобиль жолдары және теңіз инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Соның айқын мысалы – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі. Аталған бағыт Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық көпірге айналдырып, жыл сайын тасымал көлемінің өсуіне ықпал етуде. Мұндай ауқымды жобалар еліміздің транзиттік қызметтер нарығындағы орнын нығайтып, жаһандық экономикамен ықпалдастығын арттырып отыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да Қазақстанның логистика саласындағы ықпалы ерекше байқалады. Ұйымның негізін қалаушы елдердің бірі ретінде Қазақстан әрдайым белсенді әрі бастамашыл ұстаным танытып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің төрағалығы кезеңінде бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асқанын атап өткен болатын. Бұл бастамалар түркі мемлекеттері арасындағы саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бағытталды. Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесі де ерекше маңызға ие. Қалада өткізілетін халықаралық жобалар мен мәдени шаралар халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, туризм мен логистика салаларының дамуына тың серпін беруде.

Қазақстанның инфрақұрылымдық әлеуетінің артуы өңірлік және халықаралық сауда қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Логистика саласында цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізу басты басымдықтардың бірі саналады. Қазіргі таңда көптеген отандық компаниялар цифрлық шешімдерді тиімді пайдаланып, қызмет көрсету сапасын арттыруда. Бұл үрдістер ұлттық экономикаға оң әсерін тигізіп, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуде. Сонымен қатар логистика саласында экологиялық талаптарға сай жұмыс істеу де маңызды мәнге ие. Қазақстанда «жасыл логистика» тұжырымдамасы жүзеге асырылып, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға бағытталған жобалар қолға алынуда. Бұл бастамалар елдің орнықты дамуына қызмет етеді.

Қазақстанның логистика саласындағы көшбасшылық рөлі бүгінгі таңда айқын көрініс табуда. Бұл салада табысқа жету үшін кәсіби біліммен қатар басқарушылық және көшбасшылық қабілеттердің де маңызы зор. Осыған байланысты еліміздің жоғары оқу орындары логистика бағытында білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы бағытта көшбасшылық дағдыларды дамытуға басымдық беріп, студенттердің кәсіби әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. Университет қабырғасында өткізілетін дәрістер мен тәжірибелік сабақтар болашақ мамандардың жан-жақты дамуына ықпал етуде.

2024 жылдың қараша айында ҚазҰУ-де ұйымдастырылған көшбасшылық дәрісі логистика саласы үшін маңызды оқиғалардың бірі болды. Аталған іс-шараға «ABT & E-trans Forwarding company» компаниясының жетекші логисі Кулбарак Нұржан Аблқайырұлы қатысып, саланың өзекті мәселелері мен даму үрдістері жөнінде мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Дәріс барысында студенттер стратегиялық жоспарлау, тиімді басқару және заманауи логистиканың қыр-сыры туралы құнды ақпарат алды. Мұндай кездесулер елімізде логистика саласының дамуына және кәсіби кадрлар даярлауға елеулі үлес қосуда.

Логистикадағы көшбасшылық тек теориялық біліммен шектелмей, стратегиялық ойлау мен инновациялық шешімдер қабылдау қабілетімен тығыз байланысты. Бұл сала мамандары өзгермелі нарық жағдайына бейімделіп, жаңашыл тәсілдерді тиімді қолдана білуі тиіс. Инновациялар логистика саласының тиімділігін арттырып, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазақстанда логистика саласына арналған кадрларды даярлау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Елдің болашағы бүгінгі мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесіне тікелей тәуелді.

Логистикалық инфрақұрылымның дамуы ұлттық экономикаға оң ықпал етуде. Бұл салада жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтардың экономикалық әлеуеті артып отыр. Қазақстандық логистикалық компаниялар халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетіп, елдің жаһандық деңгейдегі беделін нығайтуға үлес қосуда. Сонымен бірге тиімді логистикалық шешімдер сыртқы және ішкі сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның логистика компаниялары инновациялық технологиялар мен заманауи басқару әдістерін белсенді енгізіп келеді. Бұл өзгерістер экономиканың дамуына жаңа серпін беріп, транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашуда. Елдің геосаяси маңызы да осы саланың дамуы арқылы арта түсуде. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан логистикалық жобалар елдің орнықты дамуына берік негіз қалайды.

Қорытындылай келе, логистика – тек тауар тасымалы емес, елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің ажырамас бөлігі. Бұл саладағы жетістіктер Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, тұрақты болашақты қалыптастыруға ықпал етеді. Логистика саласындағы әрбір жаңа бастама мен жоба еліміздің жаһандық деңгейдегі рөлін айқындай түседі. Қазақстанның логистика саласындағы табыстары оның экономикасының орнықты дамуына және халықаралық серіктестіктердің нығаюына жол ашады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

«Бизнес-технологиялар» кафедрасы

Ахметова Зауреш Болатхановна, 

Молдабекова Айсұлу Турсынбаевна,

Жәкен Нұрхан Дәуітбайұлы

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар