«Отандастар қоры» шетелде жүрген қазақ ғалымдарының әлеуетін ел игілігіне бағыттаудың жаңа кезеңін бастады
- авторОймақ
- Бүгін, 11:46
- 23
Ауқымды жиынға әлемнің 12 елінен 40-тан аса отандас ғалым және Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық сарапшы қатысты.
Бұл – «Отандастар қоры» жүзеге асырған төртінші халықаралық бастама. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары өткен «Отандастар форумдары» және 2024 жылғы «Кәсіпкерлер форумы» шетелдегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс орнатуға серпін берген болатын. 2025 жылғы форумның ерекшелігі – шетелде ғылым, технология және инновация салаларында еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдарды алғаш рет кең ауқымда бір алаңға тоғыстыру.
Форум шетелдегі отандас ғалымдардың білімін, тәжірибесін және инновациялық әлеуетін Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуына жұмылдыруды көздейді. Сондай-ақинтеллектуалды диаспорамен тұрақты байланыс орнату; ғылыми және технологиялық серіктестіктер құру; жас ғалымдарды халықаралық ғылыми экожүйеге қосу; ғылым мен өндіріс арасындағы интеграцияны күшейту;Қазақстанды ғылым мен инновацияға ашық халықаралық хаб ретінде таныту міндеттері қойылды.
Форумның ресми ашылу салтанатында ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров, Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар сөз сөйледі.
А. Смадияров: «Ғылым – елдің экономикалық өсімінің және инновациялық дамуының басты тірегі. Мемлекет шетелдегі отандас ғалымдардың тәжірибесін елге тартудың маңызын атап өткен болатын. Министрлік бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді», – деп атап өтті.
Д. Қадыров: «Қазақстан білім экономикасына қадам басқан қазіргі кезеңде шетелдегі жаратылыстану және инженерия салаларында жетістікке жеткен қазақ ғалымдарының әлеуеті – елдің стратегиялық капиталы. Форум – осы әлеуетті ел игілігіне бағыттаудың нақты қадамы», – деді Қоғам президенті.
А. Вакар (Назарбаев Университеті): «Әлемнің түкпір-түкпіріндегі отандас ғалымдардың білімі мен тәжірибесі – Қазақстанның ғылыми өрлеуіндегі шешуші ресурс. Университет есігі сіздерге әрқашан ашық: ғылыми серіктестік, бірлескен зерттеулер, академиялық мобильділік бағыттары бойынша», – деп түйіндеді.
Форум аясында 2025 жылы жарық көрген «Ұлы дала» кітап сериясының таныстырылымы өтті. Жоба әлемдік қазақ және түркі авторларын насихаттап, қазақ мәдениеті мен әдебиетін халықаралық деңгейде ілгерілетуді мақсат етеді.
Пленарлық сессияларда АҚШ, Ресей, Германия, Франция, Финляндия, Индонезия,Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен келген ғалымдар өз зерттеулерін таныстырды. Қатысушылардың баяндамалары жасанды интеллект пен кванттық технологиялар, ядролық энергетика, медицинадағы озық технологиялар, жасыл энергетика, дәстүрлі жайылым шаруашылығы мен агроинновациялар, биометрия және когнитивті ғылымдар, фото қартаюға қарсы биотехнология, әлеуметтік және психикалық денсаулық, ауыл шаруашылығындағы IoT шешімдері, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған халықаралық білім беру экожүйесінің дамуы секілді маңызды ғылыми бағыттарды қамтыды.
Форум барысында Қазақстанда оқып жатқан қандас студенттер арасындағы «OQ Startup» және «Үздік қандас студент» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Бұл бастама жас таланттардың әлеуетін қолдауға және олардың Қазақстанмен ғылыми байланысын нығайтуға бағытталған.
Қуаныш Ерғалиев ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бастамалаған «Жүз ғалым» жобасын, сондай-ақ әлемдік қазақ ғалымдарын біріктіретін Qazaq International Science and Technology Association (QIST) ұйымын ресми түрде таныстырды. Бұл жоба Қазақстанның талдамалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық ғылыми коллаборацияны институционалдық деңгейде дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.
Форум соңында «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров басты ұсыныстар мен талқылауларды түйіндеп, форум материалдары бойынша жинақ шығару жоспарланғанын хабарлады.
Форум Қазақстанның интеллектуалды диаспорасымен жүйелі әрі ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
"Қателік – менен": әнші бұрынғы әйелі мен ұлы қабылдамағанын айтты
- авторОймақ
- 21 қараша, 2025




