Tesla Education басшылығына қатысты "алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалды
- авторОймақ
- Бүгін, 12:36
- 22
Бұл орталықта Астана мен Алматы қалаларында ондаған сыныптар жабылып, ата-аналардың төлеген ақшаларын қайта ала алмай жатқаны туралы шағымдар көбейді. БАҚ-та мәселе көтерілген соң, орталықтың Instagram парақшасында ата-аналарға арналған хабарлама жарияланды.
“Құрметті ата-аналар мен Tesla Education оқушылары! Tesla Education компаниясының атынан сіздерге ашық түрде хабарлаймыз. Біз ешқайда қашып жасырынған жоқпыз, байланыстамыз және мәселені белсенді түрде шешіп жатырмыз. Компания ешқашан алаяқтықпен айналысқан жоқ және жеке пайда көздеген емес. Қызметкерлер барлық жұмысын қызметтік нұсқаулықтар мен ережелерге сай орындады. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Компанияның ата-аналар алдындағы барлық міндеттемелері толық көлемде орындалады”, – деді компания.
Орталық қазір төлемдерді қайтару бойынша нақты әрі ашық кесте жасалып жатқанын алға тартты.
“Келесі аптада әр ата-анаға жеке төлем қайтару кестесі жіберіледі. Сіздердің уайымдарыңызды түсінеміз. Жағдай қиын, бірақ компания сіздерден сабыр сақтауды сұрайды. Ешкім шешімсіз қалмайды. 2018 жылдан бері көрсеткен сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғыс білдіреміз. Ақша қайтару және төлем кестесіне қатысты сұрақтар бойынша сіздерге клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлім қызметкерлері хабарласады”, – деп жазды орталық.
Алайда Алматы полиция департаменті Tesla Education білім беру орталығының басшылығын ірі көлемдегі алаяқтық жасады (қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, екі немесе одан да көп адамға қатысты) деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі мүлікті тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ белгілі бір қызметтерді өмір бойы атқару құқығынан айыруды қарастырады.
Respublica партиясының депутаты Олжас Құсбеков зардап шеккен оқушылар саны 3 мыңнан асатынын алға тартты. Айтуынша бұл дау – жүйелі мәселе. Себебі көптеген оқу орталықтары ата-аналардан жарты жылға немесе бір жылға алдын ала ақша алып қояды. Ал оны қайтарудың нақты тетігі жоқ. Мұндай жағдай қайталанбас үшін ол мынадай шараларды ұсынады:
Ұзақ мерзімге алдын ала төлем алуға заңмен тыйым салу.
Оқу орталықтарының есепшоттарында міндетті кепілдік қоры болуы.
Бүкіл сала үшін бірыңғай стандарттары бар өзін-өзі реттеу ұйымын құру.
"Бүгінде жеке білім беру секторында ереже жоқ. Реттеу жоқ, стандарттар жоқ, ата-аналарды қорғайтын механизм жоқ. Сондықтан Tesla Education сияқты жағдайлар қайталана береді", – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
"Енді декреттегі әкелердің уақыты еңбек өтіліне қосылады" – Аймағамбетов
- авторОймақ
- 19 қараша, 2025




