1892 жылдың 28 қазанында Парижде суретші әрі өнертапқыш Эмиль Рейно көрермендерді бұрын-соңды болмаған жаңа тамашаға — «оптикалық театрға» шақырды. Дарынды өнертапқыш сол күні алғаш рет өзінің праксиноскоп атты құрылғысын көпшілікке таныстырып, қозғалмалы суреттерді көрсеткен болатын.
Көптеген елдерде Халықаралық анимация күніне арналған мерекелік шаралар ресми күннен бірнеше күн бұрын басталады. Бұл кезеңде анимация өнерінің кәсіби шеберлері мен әуесқойлары тәжірибе алмасып, фестивальдер мен жаңа туындылардың премьерасын ұйымдастырады.
Жыл сайын бұл мерекені тағатсыздана күтетін көрермендер үшін мультфильм көрсетілімдері мен шығармашылық кездесулер өтеді. Бүгінде мұндай анимациялық сеанстар әлемнің 104 елінде қатар өткізіліп келеді!
Қазақстанда жасалған тұңғыш анимациялық фильм – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?». Бұл туындыны 1967 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарды. Режиссері қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров болды. Бұл мультфильм оның алғашқы еңбегінің бірі еді. Мультфильм жарыққа шыққаннан бастап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. 10 минуттық картинаны дайындауға 1,5 жылдай уақыт керек болған.
Қазақ халық ертегісінің желісімен түсірілген бұл мультфильм 48 елде көрсетіліп, түрлі байқауларда жүлделі орындар алды. ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде ІІІ жүлдені иеленсе, Нью-Йорктегі мультфильмдер фестивалінде «Қола праксиноскопты» алды.
Мультфильм Нұрғиса Тілендиевтің орындауындағы күймен көркемделген. Мән-мағынасы терең бұл мультфильм әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





