№56 мектеп-гимназия ғимаратын бұзу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
- авторОймақ
- Бүгін, 10:32
- 21
Алматы қаласының Құрылыс басқармасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған К.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназия ғимаратын бұзу туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мектепте сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы ғимараттарды сүру қарастырылмаған. Сонымен қатар ғимараттың тарихи қасбеті сақталады», – деді басқарма өкілдері.
Жоба аясында қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сай оқу кеңістіктерін құру көзделген.
Негізгі және бейіндік пәндер бойынша сабақ өткізуге арналған сыныптар, зертханалар мен кабинеттер жаңартылады. Химия, физика және биология кабинеттері заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушыларға тәжірибелік дағдыларды меңгеруге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жоба құрамында көпфункционалды спорт кешенін салу да бар. Мектеп аумағында ашық спорт алаңдары пайда болады.
Сонымен қатар кең демалыс аймақтары, заманауи асхана, кітапхана, оқу залдары және мультимедиялық құралдармен жабдықталған үйірме бөлмелері қарастырылған.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы сәуірде аяқталады деп жоспарланған. Бас мердігер – «Астана-Стройинвест»корпорациясы ЖШС», – деп мәлімдеді басқарма мамандары.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




