"Саяси қызметкерлердің ауысуы – қалыпты процесс": Асхат Аймағамбетов жаңа министр туралы пікірін білдірді
- авторОймақ
- 1 қазан, 2025
- 39

Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов отставкаға кеткен Ғани Бейсембаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, саяси қызметкерлердің ауысуы – қалыпты процесс.
«Иә, бұл енді кезекті ауысу, қызметкерлердің лауазымын ауыстыру – қалыпты жағдай. Өзім де Үкіметте істеген соң түсінемін. Дер кезінде кезең-кезеңімен ауысып отыруы жалпы жүйенің жақсаруына мүмкіндік береді. Мектептерде ротация енгіздік: бір директор 20-30 жыл бір орында отырса, тиімділігі төмендейді. Көп мемлекеттерде де осындай тәжірибе бар. Сол сияқты саяси қызметкерлердің ауысуы да табиғи құбылыс», – деді депутат.
Аймағамбетов жаңа министрге сенім білдіріп, оның саладағы біліктілігін атап өтті:
«Жаңадан келген министр біздің кабинетте жұмыс істеген. Біз оны саланы іштен білетін, оған жаны ашитын мықты азамат деп танимыз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жаңа бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетуге әзірміз», – деді ол.
Ғани Бейсембаевпен жұмысы туралы да пікірін бөлісті:
«Ғани мырзамен жұмыс істедім. Министрлікте істеген кезде өзім шақырып, қызметтес болдық. Оқулық орталығында да, Ыбырай Алтынсарин атындағы институтта да қол астымда жұмыс істеді. Өзімнің орынбасарым болды. Тек жақсы жағынан танимын, жаман баға бере алмаймын. Жалпы бағаны мұғалімдер мен Мемлекет басшысы береді. Өз тарапымнан сәттілік тілеймін», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.