
Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның ақпаратынша, аталған іс-шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.
"Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз - ұлт шамшырағы» онкүндігі өтеді. Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған.
Ұстаздық – мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазір еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде", - делінген хабарламада.
Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:
• әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;
• өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;
• құттықтау хатын жіберіп, естеліктермен бөлісіңіз.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.