Алуа БАЛҚЫБЕКОВА, екі дүркін Әлем чемпионы: Маған бір сәтке де босаңсуға болмайды
- авторОймақ
- Бүгін, 16:21
- 18

–Алуа, сіздің Ливерпульдегі жеңісіңізге барша қазақ елі қуанды. Бұл алтын медаль сіз үшін тек жеке жеңіс қана емес, қазақ боксы үшін де үлкен жетістік. Бұл чемпиондық алтынға жету жолындағы қиындықтар туралы айта аласыз ба? Жалпы, бір жылда екі бірдей әлем чемпионатына бару ауырлық тудырмады ма?
–Бұл менің ғана жеңісім емес, барша қазақтың қуанышы деп айтар едім. Қиындық туралы айтар болсам, 51 келі салмаққа аз уақыт қалған кезде ауыстым. Оған дейін 50 келіде жұмыс істедім. Оның алдында 48 салмақта болдым. Сербияда өткен Әлем чемпионатына қатысар алдында салмақ көтеруім керек болды. Сол сайысқа ерекше формада дайындалып барып, чемпион атандым. Кейін Астанада әлем кубогы өтті. Ол жерде де салмақ қосуға тура келді. Өйткені салмақ барысы 51 келіден басталған болатын.
Бір жылда екі Әлем чемпионатына қатысу оңай емес. Жарты жылда формада болу маңызды болды. Оның арасында Әлем кубогына қатыстық. Бұл да маңызды жарыстардың бірі. Әрі ел алдында абыройлы нәтиже көрсету де маңызды. Өкінішке қарай, финалдық кездесуде фин қызынан жеңіліс таптым. Екеуміздің кездесуіміз тең дәрежеде өтті деп ойлаймын, бірақ төрешілердің шешімімен Финляндия қызына берілді. Онымен тоқтап қалған жоқпыз. Бұл жарыс Әлем чемпионатына қатысудың алдындағы серпіліс болды.
–Чемпионатқа қатысқан әр спортшының осалы жоқ. Дегенмен, қайсысы көбірек көңілде алаң тудырды?
–Жартылай финалдағы кездесу біршама қиындық тудырды. Оған дейінгі жүздесулердің көбінде мұндай қобалжу болған жоқ. Қытай қызының алға қарай ұмтылуы, бір сәтте демалуға мұрша бермеуге тырысты. Қарсылысқа қарсы бапкеріміз екеуміз жақсы тактика құрып, жоғары нәтижеге қол жеткіздім.
–Финалда өз тактикаңызды қаншалықты толық жүзеге асыра алдыңыз?
–Финалда өз тактикамызды толықтай жүзеге асырдық. Ойымыздағы көздеген дүниенің бәрін орындай алдық деп ойлаймын. Түрік қызы өзім сияқты қарсы шабуылда жұмыс істейтін болғандықтан, жартылай финалға қарағанда жеңілдеу болды.
–Финалдан кейін Түркия құрамасының бапкері шу шығарып, төрешілердің шешіміне қанағаттанбағанын көрсеткен видео жазба әлеуметтік желіге тарап кетті. Сол эпизодты қалай бағалайсыз? Кейін марапаттау рәсімінде финалдағы қарсыласыңызбен құшақтасып, құрмет көрсеттіңіздер.
–Бусеназ Олимпиада ойындарының финалында Қытай боксшысынан жеңіліп қалғанда да, әлгі бапкер дәл кешегідей эмоцияға беріліп, айқай-шу шығарған болатын. Ливерпульде де олар жеңіліп қалғандарын мойындағысы келмеді. «Әділетсіздік болды» дегенге келтірді. Сондықтан, мұндай эмоцияға дайын болдым десем де болады. Одан бөлек, түрік қызы Әлем чемпионатының төртінші рет финалына шығып тек біреуінде жеңіске жеткен еді. Бұл да бапкеріне себеп болған шығар деп ойлаймын. Бұған дейін екеуміз рингте кездеспеген едік. Менің ойымша, олар қатты қиналмай жеңеміз деген ойда болған секілді. Оның үстіне Түркия мемлекетінің алтын алады деген үміткерлерінің бірі болатын. Сол себепті де олар эмоциясын жасыра алмай қалған сияқты.
–Жалпы, халықаралық жарыстарда төрешілердің әділдігі жиі талқыланады. Сіздің жекпе-жектеріңізде қандай да бір әділетсіздік болды ма?
–Аллаға шүкір, менің жекпе-жектерімде әділетсіздік болды деп айта алмаймын. Бәрі де ойдағыдай өтіп жатыр.
–Әлем чемпионатынан кейінгі басты мақсатыңыз қандай?
–Әлем чемпионаты Олимпиада ойындарына дайындық деп санаймын. Мұнымен босаңсып кетуге болмайды. Төрт жылда бір рет болатын Олимпиада ойындарына дайындалуымыз қажет. Әрі алда 2026 жылы Азия ойындары болады. Осындай ірі жарыстарға қатысуға мақсат қою және жеңіспен оралу.
–Жарысқа қатысып жүрген қыздардың көбі өмірде құрбы, рингте ше?
–Мұны біз бір-бірімізге ұнемі айтып жүреміз: «біз бірімізбен құрбымыз, бірақ рингте қарсыласпыз». Оны қыздардың өздері біледі.
–«Әкеме көлік әперсем деген арманым бар» деген едіңіз. Сол арманыңыз орындалған секілді. Әкеңіздің айтқан ең бірінші сөзі не болды?
–Аллаға шүкір, арманым орындалды деп айтсам да болады. Бұған дейін де әкемнің көлігін сатып, менің жарысқа қатысатын жолақымды тауып бергенін айтып едім. Ол кездері аздап қиыншылықтар болып жүрген. Жеңіске қол жеткізіп, қомақты сыйақы алсам, «әкеме көлік сыйлаймын» деп уәде берген едім. Әкем біздің (балаларының) қуанышымызға әрдайым бірге қуанып, асып-тасып жүретін адам. Жүрегі де, тілеуі де біздің үстімізде. Әкемді қуантқаным үшін өзім де қуандым. Әкеме көлікті арнайы тапсырыспен Кореядан алдырдым. Мен Әлем чемпионатында жүргенімде құжаттары дайын болыпты. Жарыстан келген соң, өз қолыммен табыс еттім.
–Жарысқа барар алдында анаңыздың қабіріне барып қайтасыз ба? Сапар алдында сондай ырым бар ма сізде?
–Кез келген жарысқа барар алдында анамның басына соғып қайтамын. Келгеннен кейін де барып, құран оқимын. Анама ризашылығымды білдірем, дұға тілеймін.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Тарихи жеңіс: 26 жылдан кейін Айдос Сұлтанғали әлем чемпионатынан бас жүлдеге қол жеткізді
- авторОймақ
- 20 қыркүйек, 2025