жексенбі, 21 қыркүйек, 2025 13:07

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қостанайда Міржақып Дулатұлына ескерткіш қойылды

Қостанайда Міржақып Дулатұлына ескерткіш қойылды
Суретті түсірген Жаслан Жұмабеков
Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті.

Көрнекті қайраткер, Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші Қостанай қаласында бой көтерді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Міржақып Дулатұлының ескерткішінің ашылуына қатысқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлыәдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз», – делінген Президент құттықтауында.

Мәжіліс спикері бұл айтулы іс-шаралар мемлекеттің, ұлтының Алаш арысына берген бағасы, көрсеткен құрметі екенін атап өтті.

«Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан жақты қолдауын тауып отыр. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы», – деді Ерлан Қошанов. 

Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен М.Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, Алаш қайраткерінің рухына тағзым етті.  

Жалпы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы облыс, республика деңгейінде кең ауқымда атап өтілуде. Бүгін Торғай ауылында халықаралық ат марафоны «Ұлы дала жорығы» аламан бәйгесі басталады.Тұлпарлар Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырымдық марафонда бақ сынайды.

Бұдан бөлек, міржақыптануға арналған ғылыми конференция мен дүлдүл ақындардың басын қосқан республикалық айтыс өтеді.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар